Түркістан облысында 216 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді

66

Түркістан облысында қазір халық тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты шағым көп. Сондықтан кезекті отырыста денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, жедел медициналық жәрдем қызметінің жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды басқарма басшысы мен бас дәрігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласына қатысты проблема көп. Осылай деген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының сөзінше, халық тарапынан түсетін арыз-шағым да аз емес. Мәселен, 109 біріңғай байланыс номеріне шағымданғандардың басым бөлігі жедел-жәрдемнің жиі кешігетінін айтқан. Сондықтан, өзекті проблемаларды саралап, шешу жолын қарастыру керек дейді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өте көп проблема. 1414 бірыңғай байланыс және қолдау орталығы арқылы 221 шағым түскен. Басым бөлігі – Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас және Жетісай ауданынан. Сондай-ақ 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да жедел жәрдем қызметіне қатысты тұрғындардың 25 қоңырауы тіркелген. Олардың көбі жедел жәрдемнің жиі кешігетіні туралы шағымданған. Осы саладағы аталған және өзге де проблемаларды шешуге күш салған жөн. Саралап шығып, толық мәлімет алу керек».

Биыл өңірде жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны көбейген. Өткен жылғы 4 айда 210 456 қоңырау қабылданса, биыл 224 742 қоңырау түсіпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, қазір 2 млннан аса тұрғынға 216 жедел-жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Бірақ, бригада тапшылығы бар.

Асхан Байдуалиев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының 6 қалалық бекеті, 17 аудандық бөлімшесі бар. Жедел медициналық жәрдем станцияларының санитарлық автокөліктердің саны – 190, МСАК жанындағы ЖМЖ 85 автокөлікпен қамтылған».

Жалпы жиында тозығы жеткен автокөліктерді алмастыру, дәрігер тапшылығын жою, станциялардың техникалық базасын жаңарту, 103 байланыс қызметін жақсарту мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді. Бұдан бөлек облыс басшысы ақ халаттылардың қоғаммен байланысын жақсарту, медициналық нысандарды құрал-жабдықтармен қамту ісін жандандыру қажет екенін айтты.