Түркістан: Құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектеп қайта жанданады

55

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік сатып алу саласында немқұрайлылыққа жол берген басшыларды сынға алды. Проблемалық құрылыс нысандарының жай-күйін айтқан өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс мерзімін созған жосықсыз мердігерлерге шара қабылдау қажет екенін айтты.

«Құрылыс мерзімін созған жосықсыз мердігерлерге шара қабылдау қажет». Осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік сатып алу саласында немқұрайлық танытқан басшыларды сынға алды. Сөзінше, маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын ұзақ уақытқа созу – нағыз қылмыс. Яғни, басталған құрылысты міндетті түрде соңына дейін жеткізу керек дейді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Басталған нысандарды аяқтай алмай отырмыз. Қаржы ала алмай. Ал қаржы берген нысанды қалай болмасын аяқтап бітіруіміз керек. Әсіресе, уақытында аяқтау маңызды. Бұндай қаржыландырылу бола бермейді. Берді ма, бітті, оны аяқтап шығару керек. Амалын табыңыздар».

Өңірде әртүрлі себептермен үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Қазіргі таңда іс сотта қаралуда. Ал бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы араға уақыт салып, қайта жанданбақ. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев баяндама барысында айтты.

Тоқтар Үсіпәлиев, Түркістан облысы құрылыс басқармасының басшысы:
«Қазығұрт, Отырар және Ордабасы аудандарында орналасқан білім ұялары мердігерлер тарапынан тоқтаған. Бағаның көтерілуі мен пандемия салдарын алға тартқандардың істері сотта қаралып жатыр. Бірқатары бойынша шешім шығып, құрылыстың конкурсы қайтадан өткізіле бастады».

Бүгінде облыста мемлекеттік сатып алудың барлық принциптері, адал бәсекелестік, ашықтық пен бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда.
Жұмысты қайта жандандыру мақсатында заң тұрғысында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар сатып алу мониторингі қызметін күшейту үшін басқармаларға, аудан, қалаларға тыңдалым өткізу, тапсырыс берушілер жұмысын үйлестіру, есеп беру деректерін тексеру жүргізіледі.