Түркістандық алаяқ ауыл тұрғындарын 30 млн теңгеге алдап кеткен

463

Түркістан қаласының тұрғыны көрші жатқан Сауран ауданының тұрғындарын оп-оңай алдап кеткен. Алаяқ 40-тан адамға несие алып беремін деп уәде еткен.

Жәбірленушілер дереу полицияға шағым түсірді. Олардың айтуынша, таныс ер адам мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесетінін айтып, ол қызметі үшін алдын ала әрқайсысынан 300 мың теңгеден бастап 2 миллионға жуық ақшаларын алған. Содан кейін алаяқ бір жыл бойы тұрғындарға берген уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған.

Полиция хабарлауынша, аталған факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын сотты болған жұмыссыз, түркістандық тұрғын болып шықты. Тергеу барысында ұсталған ер адам алдау жолымен алған 30 миллионға жуық теңгені өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін мойындады.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.