Жүн мен былғары өңдеу саласын дамыту қолға алынбақ

34
Фото Егемен Қазақстан

Үкімет отырысында Премьер-министр мал шаруашылығы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының негізгі және дәстүрлі салаларының бірі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет тарапынан салаға елеулі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.

«Бұл шаралар мал басы мен құс санының өсуіне, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салаға құйылған инвестициялар көлемі 67%-ға өсті», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеді. Мәселен, импорт сүт өндірісі бойынша 45%-дан 39%-ға дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-дан 32%-ға дейін төмендеді.

Оған қоса мал шаруашылығы өніміндегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешу қажет. Мысалы, жемшөп өндірісі бойынша.

Үкімет басшысының айтуынша, ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр.

«Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің сөзінше, бұл – ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі.

«Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажет», — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, сала көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да сұрақтар бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақтық бар.

«Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек», — деді Әлихан Смайылов.

Одан бөлек, Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар, сол үшін жоғары қайта өңделген өнімдерді шығаруды кеңейту керек.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейтуді қамтамасыз етуді, халықаралық тәжірибені және цифрландыруды ескере отырып, Ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуді, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.

Оған қоса, Әлихан Смайылов отандық мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі шаралар кешенін және алгоритмді әзірлеу, сондай-ақ осы жылдың соңына дейін аусылдан таза мәртебесін алу қажеттігін айтты.