Шымкентте 19 жыл бұрын болған шулы кісі өлтіру ісі бойынша үкім оқылды. Кінәлі деп танылған сотталушы, ер адамды екі рет мылтықпен атып өлтіріп, денесін дәретхана шұңқырына тастап, айғақтарды өртеп жіберген. Қылмыстың жазасы енді ғана тағайындалып, сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, ол өз кінәсін мойындаған жоқ. Толығырақ әріптесім тарқатып айтады.
Үкімді жариялау кезінде кісі өлтірді деп айыпталған азамат, сот отырысында эмоцияға қатты беріліп отырды. Себебі қылмыс жасалғанына 19 жыл өтсе де, ол өз кінәсін мойындаған жоқ. Тек, қолына кісен салынарда ғана, ол жағдайға өзінің кінәлі емес екенін қайталап, қаруды Ресейге қашып кеткен серігі қолданғанын айтты.
Сотталушы: «Жазықсыз адамды соттап отыр. Кінәлі адам Ресейде, оны алғыза алмайды, себебі ресейліктер оны бермейді. Олар өз заңдары бойынша жазалайды, бұлар оны соттай алмайды, сондықтан мені қамап отыр».
Соттың мәліметіне сүйенсек, мылтықтан екі рет оқ атқан басқа емес, дәл осы азамат. Ол досымен бірге жоспар құрған. Ал кісі өлтіргеннен кейін, денені көшедегі дәретхананың шұңқырына лақтырып жіберіп, айғақтарды өртеп, қашуға асыққан.
Самиддин Темірәлиев,Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сот тергеуі барысында Харитонов, Билданов қазіргі уақытта оған айып тағылған жоқ және куәгер ретінде жауап алынды. Қазіргі уақытта оған қатысты жеке жүргізуге іс қозғалды, тергеу жүргізілуде».
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Бірақ сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Айыпты деп танылған азамат жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өткізеді.
Самиддин Темірәлиев, Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сот Ринат Рафаэлевич Ғазизовты 1997 жылғы редакцияда ҚР ҚК 96-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға үкім шығарды. Және оған осы бап бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Жазасы орташа қауіпсіздік мекемесінде өтелсін».
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ, сондықтан сотталушы апелляциялық шағым түсіруге ниетті.
Гүлдана Сейдрасул