Адам құқықтары жөніндегі уәкіл балалар арнаулы әлеуметтік оңалту орталығында болды

25

Шымкентке жұмыс сапарымен келген еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Әлеуметтік нысанды аралап, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетіліп жатқан оңалту шараларымен танысты.

Бүгінде орталықтағы тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған.

«Толық осы орталықпен танысып өтті. Мекеменің осындай балаларды тәрбиелеп отырғаны туралы рақметін айтып жатыр. Біздің мекемеде толық капиталды ремонт жүргізуге ықпал жасауға келісіп кетті. Біз жобалық-сметалық құжаттарын дайындап қойғанбыз. Биыл толық күрделі жөндеу өткізуге келісімін беріп кетті», — деді №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы басшысының орынбасары Ержан Иманбердиев.

Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен Артур Ластаев арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысына оң бағасын берді.

Айта кетейік, орталықта қазіргі таңда стационарлық жағдайда 124, жартылай стационарлық жағдайда 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айырылған 25 бала орталық қамқорлығында. Оларға 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі. Әлеуметтік нысан директорының сөзінше, алдағы жылы орталықты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.