Балалар омбудсмені: «Ашық қалған кәріз құдықтарына жауаптыларды жазаға тарту қажет»

Түркістан облысында жоғалып кеткен 4 жасар баланың мәйіті табылды. Баланың денесі 3 желтоқсанда көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан шығарылды. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева ашық қалған кәріз құдықтары үшін жауаптыларды жазалауды талап етуде. Омбудсменнің пкірінше, балалардың өліміне әкелген салғырттыққа кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет. 

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева кәріз құдықтарының қақпағы ашық қалған аймақтың әкімдерін де жазаға тарту қажет деп санайды. Ол тексеру жүргізіп, инфрақұрылымның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды ұсынды. Бұл туралы омбудсмен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Сөзінше, соңы бала өліміне әкелген салғырттық үшін инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған лауазымды тұлғалар заң алдында жауап беруі керек.

«Екі апта ішінде Қызылорда мен Түркістан облысында екі бала кәріз құдығына құлап, көз жұмды. Екі жағдайда да кәріз құдықтары әкімдіктерге тиесілі. Инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалардың өліміне әкеп соқтырған немқұрайлылыққа жол берген кінәлі лауазымды тұлғаларды тексеру және жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын. Сондай-ақ осы салаға жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, сол ауданның әкімдерін де заң аясында жауапкершілікке тарту керек» – делінген жазбада.

Еске салайық, 1 желтоқсан күні Түркістан облысында 4 жасар бала жоғалып кеткен еді. Баланың денесі 3 желтоқсанда көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан табылды. Полицияның мәліметіне сүйенсек, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Іс Түркістан қалалық полиция басқармасында тіркелді. Сараптама тағайындалды.

Бағланбек Айтпаев, Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

«Баланы іздеуге еріктілер, жергілікті тұрғындар мен оқиғаға бей-жай қарай алмаған азаматтар көмек көрсетті. Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары нәтижесінде 3 желтоқсан күні түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал мәйіттен зорлық-зомбылық пен қандай да өлім белгілері табылмады.»

Сонымен қатар Динара Зәкиева өз жазбасында тамыз айында балалар омбудсмені кеңесі мемлекеттік органдармен бірлесіп инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету, нақтырақ айтқанда қақпағы ашық кәріз құдықтары бойынша тиісті шаралар қабылдау мәселесін көтергенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, түркістандық 4 жасар Бақыт Айбар Алдиярұлын іздеуге құқық қорғау орган қызметкерлерінен бөлек мыңға жуық ерікті атсалысқан еді.