Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АИ-95 маркалы бензинді Ресейден импорттау үшін келіссөз жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, бүгін таңғы 09.00-дегі жағдай бойынша елімізде АИ-92 бензині бойынша 23 күнге, ал АИ-95 бензині бойынша 15 күнге жететін қор бар. Дизель отынының қоры 29 күнге жетеді.
«АИ-95 маркалы бензинді импорттауға тура келеді. Өйткені Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу, Атырау МӨЗ-дегі апатты жөндеу жүріп жатыр, ал Шымкент МӨЗ АИ-95 бензині өндірісін төмендетті. Осыған байланысты ішкі нарықты қамтамасыз ету Ресейден импорттаудың арқасында ғана мүмкін болады деп отырмыз. Тиісті келіссөз жүргізіп жатырмыз», — деді Сәтқалиев үкімет кулуарында.
Ол АИ-95 бензинін айына 40 мың тоннаға дейін импорттау қажет екенін атап өтті. Айтуынша, Газпромнефть импорттық АИ-95 маркалы бензинді жеткізуді бастап кеткен.