Дархан Сатыбалды: Түркістан облысына көптеп инвестжоба тарту керек

105

Түркістан облысында кәсіпорындар ашу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірге инвестициялық жобаларды тарту жөнінде кезекті инвестштаб отырысын өткізді. Жиында облыста іске қосылатын 20-ға жуық кәсіп туралы талқыланды.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында түрлі бағыттағы инвестициялық жобалардың санын арттыру мәселесі баяндалды. Басқосуға жауапты сала басшылары, инвесторлар мен аудан, қала әкімдері қатысты. Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын бизнес-жоспарлармен танысып, тиісті басқармаларға олардың жүзеге асу барысын қадағалауды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ең бірінші кезекте өндіріс. Өндіріс болмаса біз ары қарай ештеңе шығара алмаймыз. Соған қарап сіздер айту керексіздер. Осынша жұмыс орны ашылады, осынша салық түседі. Сіздерге таблица беріледі. Соған әрбір әкім қорғасын».

Өңір басшысы инвесторларға инфрақұрылым мәселелері бойынша барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Сондай-ақ бұл жобалар облыстың бюджет түсімдерін арттыруға септігін тигізуі қажет. Айта кетейік, Сайрам ауданында қуаттылығы сағатына 20 тонна құрама жем және мал қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 2,5 млрд теңге.

«Бәрі дайын біз бүкіл құжаттарды Түркістанға тапсырып қойдық. Қазіргі таңда біз сізден тек қана бір көмек қана Түркістанда қаржыландыру мәселесі. Бүкіл дайын жұмыстары дайын. Құрылыс компаниялар дайын. Ремонт жұмыстары атқарылады. Бүкіл технологиясын университеттермен технологтармен жасап қойдық. Қаржыландыру мәселесі ғана қалып тұр».

Айта кетейік, қазіргі уақытта Түлкібас ауданында балықтарға жем өндіру зауытының құрылысын бастау көзделуде. Зауыт жылына 2000 тонна жем өндіруді жоспарлап отыр. Егер мемлекет тарапынан кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілсе, жұмыс 2024-2025 жылдары жүзеге асырылмақ. Ал кәсіпорын 20 адам жұмыспен қамтиды.