Мия тамырын тасымалдаған жүк көлігі айыптұраққа қойылды

28

Жер қойнауын заңсыз пайдалану жайттарын анықтап, заңсыздыққа жол бермеу мақсатында, Түркістан облысы полиция департаменті бастығы Мұрат Қабденовтің тапсырмасымен облысқа қарасты 17 аудан аумағында жер қойнауларын заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Осындай кезекті жұмыс күні Сауран аудандық полиция бөліміне белгісіз адамдар тобы Сырдария өзенінің жағасында мия тамырын қазып жатқандығы туралы хабарлама келді.
Оқиға орнына бірден Сауран ауданының полиция қызметкерлері шықты. Тексеру барысында, жер қойнауын заңсыз пайдалану жайты расталды. Яғни мия тамырын қазып, жинап тасымалдаған «Камаз» маркалы жүк көлігі анықталып, айыптұраққа қойылды. Оның жүргізушісінен түсініктеме алынып, іс құжаттар жинақталды.
Аталған дерек бойынша жер иесін анықтап, тиісті сараптамалар тағайындалуда.Қазіргі таңда жан-жақты тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды.
Сонымен қатар жер қойнауын заңсыз пайдалану бойынша Сауран ауданында жыл басынан бері 40-қа тарта жайт анықталған. Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлердің күн тәртібінен түспей, арнайы шаралар облыстың барлық аумағында жалғасуда.