Қауіпсіздік назардан тыс қалмауы тиіс

37

Бүгінде Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында 105, 106, 107, 108 көпқабатты үйлер ауласы абаттандырылып, көгалдандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге абаттандырылып жатқан аулаларды аралап, жұмыстардың барысын пысықтады.

Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта жыл соңына дейін 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Алаңшалар Тұран, Нұртас, Таскен және Өтеміс тұрғын алаптары мен елдімекендерінде салынады. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жөндеу жүргізіліп, балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылатын болады.

Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерлерге ең алдымен балалар қауіпсіздігін ескеріп, тұрғындарды жайлылығы үшін құрылысты тиісті талаптарға сай жүргізуде тапсырды. Алаңшаларды орнатуда жергілікті тұрғындардың да ұсыныстарын ескере отырып, нысандарды өндірістік кестеге сай қолданысқа беруді ескертті. Қауіпсіздік шараларын күшейту туралы қала әкімінің тапсырмасына орай Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының және Төтенше жағдайлар басқармасы мен учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, Қошқар ата өзені бойында шомылу ережелері бойынша қала тұрғындарына үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Мақсат — төтенше жағдайларды алдын алу, оқыс оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрету. Түсіндірме жұмыстары барысында тұрғындарға суға шомылу барысындағы қауіпсіздік ережелерімен қоса балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген су арналары туралы ескертіліп, қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынама парақшалары таратылды.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының аумағында қазіргі таңда суға шомылуға рұқсат етілген 3 демалыс аймағы бар.