Қазығұрт ауданында 7 жасар бала оққа ұшып, мерт болды

фото Халық үні

Түркістан облысында 7 жасар бала оққа ұшты. Жазатайым жағдай Қазығұрт ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде болған. Әкесімен бірге жұмыс орнына еріп барған бала, туысы құс атуға оқталған сәтте мылтықтың алдынан шыға келген. Салдарынан оқ басына тиіп, мектеп оқушысы оқиға орнында көз жұмды. 

Қазығұрт ауданындағы жүзім шаруашылығында бірінші сыныпты бітірген оқушы оққа ұшып көз жұмды. Шаруа қожалығында оның әкесі мен туысы жұмыс істеген, ал олардың балалары сол күні оқиға орнына бірге еріп барған көрінеді.

«Қайғылы оқиға дәл осы жүзімдікте болған. Жүзімдерді құстардан қорғау үшін оқ атқан сәтте, бір орында отырған бала аяқ асты мылтықтың алдынан шығып қалған көрінеді. Атылған оқ баланың басына тиіп, ол оқиға орнында қаза тапты. Ал кейбір мәліметке сүйенсек, 7 жасар баланың өліміне себепкер болып отырған туысы көрінеді».

Марқұм Ақжар ауылындағы №28-ші мектепте биыл бірінші сыныпты тәмамдаған. Мектеп директорының орынбасары, баланың тәртібі мен оқу үлгерімі жақсы болғанын, толық отбасынан шыққанын айтады.

Ғалымжан Нованов, №28 Абылай хан атындағы мектеп директорының орынбасары: «Бұл баланың оқу үлгерімі орта, жақсы деп айтсақ та болады. Отбасында 4 қыз бір бала, бұл үшіншісі, қыздардың арасында. Оқу үлгерімі жақсы. Бірақ ол баламыз өте шоқ, жақсы бала еді».

Жазатайым оқиғаға күдікті бүгінде полиция бөліміне жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Күдікті Сарыағаш ауданының тұрғыны, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактіге байланысты ҚР ҚК «Абайсызда қазаға ұшырату» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 3 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. Арнайы сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде».

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары шаруа қожалықтарын тек құстан ғана емес, күн сәулесі мен жаңбыр, бұршақтан қорғау үшін арнайы тор қажет екенін, ол үшін мемлекеттен 40 пайыз субсидия қарастырылғанын айтады.

Әлібек Плалов, Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Құстардан қорғау мақсатында, жаңбырдан, құстан, бұршақтан қорғау мақсатында бізде жүзім шаруашылығы, одан бөлек қарқынды бау шаруашылығында, тағы да күннің сәулесін бәсеңдетуге арналған жапқыншы сеткалар болады. Яғни, ол сеткалар мемлекет тарапынан сатып алғандығы үшін, сол жерге орнатқаны үшін мемлекет тарапынан 40 пайыз субсидия қарастырылған инвестициялық.  Жабынды сеткалары сол жердегі барлық нәрселерден қорғау үшін қарастырылған. Бірақ ол жерде қару қолданып, құстарды қарумен атсын деген жоқ енді ол жерде».

Кеше 7 жасар бала туған ауылы Ақжарда жер қойнына тапсырылды. Түсірілім тобына баланың жақындарымен тілдесу мүмкін болмады. Ал шаруа қожалық иесі жұмыс орнында болмай шықты. Айта кетейік, марқұм отбасындағы 4 қыздың ортасындағы жалғыз ұл еді.