Шымкенттік қыз-келіншектер ұлттық жоба аясында жаңа мамандықтарды игеруді бастады. Осыған байланысты қалада кәсіппен айналысқысы келетін әйелдерге «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» арнайы курс оқытып жатыр. Енді жергілікті нәзік жандылар сұлулық салонының ең өзекті саласын тегін меңгере алады.
Әбілхан Қастеев атындағы колледжінің 3 курс студенті Жансая Жексенбиева ақысыз түрде жүргізіліп жатқан курстың ең жас қатысушысы. Тоқыма факультетінде білім алатын қыздың айтуынша қазіргі уақытта тырнақты күтіп, өңдеу саласын үйрену тым қымбат екен. Нарықта бағасы 100 мың теңгеден асады дейді студент. Сондықтан Атамекен кәсіпкерлер палатасы ұсынған мүмкіндікті жіберіп алмай бүгінде жаңа кәсіпті үйреніп жүрмін дейді.
Жансая Жексенбиева, студент: «Негізі мұндай курстар өте қымбат тұрады. Тегін болғандықтан келіп отырмын. Хабарландыруды инстаграм арқылы көріп, бірден қатысуға өтінім білдірдім. Барлығын қарапайым тілмен түсіндіріп жатыр. Барлығы ұнайды. Өзім тоқыма факультетінің студентімін. Сондықтан менің мамандығыма жақын келетін өнер түрі”.
Қазіргі таңда сұлулық салонындағы тырнақты күту бағыты сұраныстағы сала. Сондықтан бұл жобаға қатысушы қыздар , курс аяқталған соң жұмыссыз қалмасы анық. Білімді игеріп, практика жүзінде жақсы нәтиже көрсеткендер жеке сән салонын ашуына немесе онда жұмысқа орналасуына да болады дейді ұйымдастырушылар.
Гүлден Қабылбаева, сұлулық салонының меңгерушісі:» Керемет мүмкіншілік деп ойлаймын, көп қыздар осы оқуды оқып, жұмыс істегісі келеді. Бірақ мүмкіншілік бәрінде бола бермейді. 2 топқа бөлдік, 10 қыз 1 топта, 10 қыз екінші топта. Бірінші топ 9/30-да, екінші тобымыз 14:00-ге қарай. Қыздар бәрі жақсы үйреніп жатыр, талпынысы зор. Арасында студенттер көп».
Айта кетейік, Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ұйымдастырған бұл сән салоны бойынша оқыту 8 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында қыз-келіншектер маникюр, педикюрді кәсіби түрде жасауды үйренеді. Курс соңында арнайы білім алғаны бойынша 20 қызға сертификат табысталады.