Сатып алынған тауар көңіліңізден шықпаса, не істеуге болады?

639

 

Қазір дүкендер мен түрлі сауда орындарында, базарларда тауар ауыстыруға, қайтаруға болмайды деген жазуларды жиі көреміз. Бұл — қаншалықты заңды?

Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, мұндай жайт — заңға қайшы. Қазақстан Республикасының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңының 14-бабына сәйкес, сіз сатып алған тауарды ұнатпасаңыз немесе пішіні келмей қалса, басқа тауарға ауыстырып алуға құқылысыз. Немесе сол сияқты тауар болмаған жағдайда, сатушы төленген ақшаны қайтарып беруге міндетті. Ал сатушы тауарды ауыстырып беруден бас тартса немесе ақшаны қайтарып беру бойынша қиындықтар туындап жаста, Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне арыз жазуға болатынын біліп жүріңіз.

«Заң — бәрімізге бірдей. Тек ескере кететін жайт, егер тауар бүлінген жағдайда сатушы айырбастап та, ақшаны қайтармауға да құқылы»,-деді заңгер.

Сонымен қатар заңға сәйкес бірнеше тауарлар ауыстыруға және қайтаруға жатпайды. Олар:
1) Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;
2) Іш киімдер;
3) Шұлық бұйымдары;
4) Жануарлар мен өсімдіктер.

Тағы қандай тауарлар осы тізімге кіретіні туралы толығырақ ақпарат біліп, тауарды қайтару бойынша заңгер көмегі керек болса, редакцияға немесе заңгердің әлеуметтік желі парақшасына шығып, кеңес алуға болады.