Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті өтті

32

Шымкенттік дәрігерлер жүрек трансплантациясы бойынша сенсациялық операция жасады. Күрделі хирургиялық отаны Шымкент клиникасы мен ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлері бірге жүзеге асырды. Ота барысын белгілі кардиохирург Юрий Пя басқарды. Науқас трансплантацияны елордалық ауруханада ұзақ уақыт күткен екен.

Жүрек отасы сәтті аяқталып бүгінде 61 жастағы азамат өмір сүруге қайта мүмкіндік алды. Барлық қиындықтар артта қалып, қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Бұл жүрек трансплантациясы мәйіттік донорлықтың арқасында ойдағыдай өткен. Шымкенттік дәрігерлер күрделі операцияны 7 сағат бойы белгілі қазақстандық кардиохирургпен бірлесе жасаған.

Дархан Сүйгенбаев,  «Шымкент жүрек орталығы» КЕАКҚ басқарма төрағасы: «Мұндай күрделі ота біздің орталықта алғаш рет жасалды. Барлық кардиохирургтар үшін бұл үйреншікті жағдай емес. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа деңгейде. Сырқаттанушы 7-10 күн клиникада дәрігерлердің бақылауында болады».

Осыған дейін жүрек трансплантациясы Орталық Азия бойынша тек Астана қаласында жасалатын. Енді міне Шымкентте бұл ауыр операцияны орындайтын екінші қала атанды.

Дархан Сүйгенбаев,  «Шымкент жүрек орталығы» КЕАКҚ басқарма төрағасы: «Жүрек трансплантациясы мен жүрек имплантациясы жүрегінде күрделі ақаулары бар азаматтарға дәрі-дәрмектің емі болмаған жағдайда жасалады. Қазір қазақстанда 350 мыңға жуық адам жүрек ауруларымен ауырады. Ал әлем бойынша олардың саны 7 млн. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді. Науқастырдың 50 пайызы 5 жылдың ішінде қайтыс болу мүмкіндігі жиі орын алады. Ел бойынша жүрек трансплантациясы операциясын жасатуға 150 азамат кезекте тұр. Оның 7 балалар».

Елордадағы ұлттық кардиорталықтың дәрігерлер тобы ТМД бойынша жүрек ауруларын емдейтін үздік мамандар болып саналады. Енді бұл тәжірибелі қызметкерлердің білімі мен біліктілігін үшінші мегаполис дәрігерлері де қолданып жатыр. Мұнда ол үшін барлық жағдай жасалған дейді мамандар.