ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңес отырысында ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға жан-жақты кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты. Сонымен бірге елімізде балалар скринингін жақсарту, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары жанындағы әлеуметтік қызметтер жұмысын күшейтуге арнайы тапсырма берді.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты «Оңалту орталығы» коммунальдық қазыналық мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2023 жылдың сәуір айынан қолға алынған жұмыстар халықаралық стандарттарға сай құрылыс нормалары бойынша жүргізілуде.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов Ә.Молдағұлова көшесі 8 Б мекен-жайда орналасқан «Оңалту орталығы» құрылысының жай-күйімен танысу үшін аталған нысан басында болды. Қалабасы құрылыс жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын аралап көрді. Қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын да назардан тыс қалдырған жоқ. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың жұмыс сапасын бақылап, жауапты және мердігер мекеме басшыларына кестеден кешікпеуді ескертіп өтті. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер жұмысты дер уақытында аяқтайтынын айтып өтті.
Айта кетсек, ғимараттың іргесі 1975 жылы қаланған. Қазір мұнда 167 оқушы ерекше білім берумен қамтылған, ұжымда 56 педагог жұмыс істейді.
Логопед пен психолог кабинеттері, сенсор бөлмелері, израильдік технологиямен жасалған мультимедиялық білім беру жүйелері қайтадан жаңартылып, заманға сай жабдықталуда. Оңалту орталығында 11 топ – құлақ және тіл мүкістігі бар, дамуы тежелген балалармен тығыз байланыса жұмыс істейді.
Бес қабатты ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың тамыз айына дейін аяқталады деп күтілуде.