Енді мектептерде үш ауысым болмайды. Шымкенттегі білім ордалары бірінші сынып оқушыларын жақсы жаңалықтармен қарсы алмақ. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап мектептер бір немесе екі ауысымды оқуға толығымен ауысады. Бірнеше білім ұясының ашылуы қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.
Құрылысшылар Шымкенттегі №93 мектепте күрделі жөндеудің соңғы жұмыстарын жүргізуде. Олар оқу орнының үш корпусы да қазіргі білім беру стандарттарына сәйкес келетінін айтады. Ғимараттың тек ішкі бөлігі ғана емес, ауласы да абаттандырылуда.
«Бұл мектеп екі ауысымдық, сабақтар қазақша, орысша жүреді. Жалпы қуаты 470 оқушыға арналған, бір ауысымда. Бізде қазіргі таңда екі ауысымда 976 оқушы биылғы 2023 жылда оқуды бітірді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмысы осы б корпусында болып жатыр»,-деді №93 мектеп директоры Дана Әшірбекова.
Білім беру мекемесінің ғимаратының салынғанына — 31 жыл. Осы уақыт ішінде нысан бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Сондықтан күрделі мәселелер қордаланып қалған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына ең жиі келетін қонағы – қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Ал есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатта 200-ден астам оқушы білім алады. Балалар жаңа оқу жылында қосымша корпус пен жаңартылған ғимараттағы парталарға отырады.
«Мекеме үш корпустан тұрады. Мына корпус 1969 жылы салынған. Одан кейінгі екі корпус 88-ші жылы салынған. Биылғы жылы толық күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған»,-деді мектеп-интернат директоры Айгүл Жамалбекова.
Шымкентте үш ауысымдық тек үш мектеп қалған еді. Жаңа оқу жылынан бастап білім ордаларында сабақтар тек екі ауысымда өтеді. Мұндай мүмкіндік — жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған білім ұяларына қосымша ғимараттар салудың арқасында пайда болды.
«Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша барлық мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, барлық білім беру ұйымдарындағы ағымдағы жөндеу аяқталу үстінде. Сонымен қатар 9 білім беру нысанында күрделі жөндеулер жүріп жатыр»,-деді Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рыскелді Әліш.
Мұрат Әйтенов оқу орындарын жөндеуден өткізуді уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, балалардың мектептерде қауіпсіз болуы және оларға жайлы жағдай жасау қажет екенін атап өтті.