Шымкентте жалпы өлім көрсеткіші төмендеген

17

Шымкентте жалпы өлім көрсеткіші төмендеген. Ал ана өлімі жыл басынан бері тіркелмеген. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Сонымен қатар, қаланың бас дәрігері медициналық мекемелердегі жөндеу жұмыстары мен денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жалпы жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға азайған. Оның ішінде нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеп отыр. Ал жыл басынан бері ана өлімі тіркелмеген. Сонымен қатар, туберкулезден болатын өлім-жітім 66% – ға азайса, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 6,5% — ға төмендеді.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Өте қуанышты хабар. Балалар өлімінен біз өте төмен көрсеткіштеміз. Мысалға деп айтайын, өзінің көрсеткіші болады. Былтыр 8,6 биыл 8,5 еді, біз қазір 7,5 болып төмен көрсеткіште тұрмыз. Енді жалпы өлім көрсеткішіне келер болсақ, биылғы жылы 5 ай, былтырғымен салыстырғанда 8 пайызға түсіп отыр».

Жалпы үшінші мегаполистегі емханаларға үздік тәжірибе орталығының жобасы енгізілуде. Биыл бұл жоба №6, №7, №3, №1 қалалық емханаларында жүзеге аспақ. Ал қаладағы медициналық ұйымдарда ересектер үшін онкогематология, нейрохирургия бөлімшелері ашылды. Онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ орталығы және сәулелік терапия орталығы іске қосылды.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ауруханаларға келер болса, қазіргі таңда бізде 4000-нан аса төсек орын бар. 15 мемлекеттік, 25 жекеменшік аурухана бар. Бұл жердегі айтып отырған тенденциямыз жекеше төсектер көбейіп жатыр. Біз қазір ойлап отырғанымыз көрсетіліп отырған сапаның конкурентілігін көтереді деп. Қазір мақтанатындай жағдай, қаламызда 800 төсектік көпсалалы университеттік клиника құрылысы басталды».

Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Ағымдағы жылы тағы 17 медициналық ұйымда аккредиттеуді жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, биыл №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына 1,193 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Материалдық техникалық базасын жақсарту мақсатында 3,5 млрд. теңгеге 151 бірлік медициналық техника сатып алынбақ.

Гүлдана Дәурен