Түркістан облысында шілде айында 3 ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Дегенмен, 6 айдың қорытындысы бойынша өңірде жол апаты өткен жылға қарағанда 13 пайызға азайған. Ал жолда қаза болғандар саны 1,1 пайызға өскен. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында айтылды.
Түркістан облысында жарты жылдың ішінде жолда қаза болғандар саны 1,1 пайызға артқан. Ал жол-көлік оқиғалары 13 пайызға, оның салдарынан жарақат алғандар саны 20,4 пайызға төмендеген. Апаттың басым бөлігі жылдамдықты асыру, көліктің қарсы бағытқа шығуы, маневр жасау ережелерін сақтамаудан болған.
«Апатты қалай тоқтатамыз? Нақты не істей аламыз? Осы бағытқа күш салу керек. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жүргізушілер арасында жүргізу тәртібін қалыптастыру бойынша нәтижелі шаралар қабылдануы қажет. Облыс аумағында орналасқан жолдардағы жағдайды қатаң бақылауда ұстап, түсіндірме жұмыстарын күшейту керек. Ішімдік пен психотропты заттарды қолданып, көлік басқарған азаматтар да қайғылы оқиғаларды көбейтіп отыр. Полиция департаменті осындай жағдайларға жол бермеуі керек. Бұл бағытта жұмысты күшейтіңіздер»,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Шілде айының ішінде облыста үш ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген. Барлығында көліктің қарсы бағытқа шығуы себеп болған. Мамандардың айтуынша, өңірде 430 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Ал күніне 25 мыңға жуық автокөлік республикалық маңызы бар жолдан өтеді.
Жиында жолдар мен көшелерде көлік және жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.
Бүгінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 4 бағытта жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру, жол белгілерін орнату, жол таңбалары мен жаяу жүргінші жолақтарын сызу, жолдарға жарықтандыру шамдарын орнату және аяқжолдар салу.
Айта кетейік, облыс аумағындағы жалпы қолданыстағы жолдар мен елдімекен көшелерінің ұзындығы 17 459,34 шақырымды құрайды.