Түркістанда биыл 6 қазандыққа жөндеу жұмысы жүргізіледі

34

Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмысы басталды. Биыл 6 қазандыққа жөндеу жүргізіледі. Ал жылыжайларды жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерге көмірді тікелей жеткізу механизмі қолға алынады.

Түркістан облысында 1 жылу электр орталығы мен 34 орталықтандырылған жылу қазандығы бар. Қазір оларды жаңа маусымға дайындау жұмысы басталды. Биыл 4 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу және 2-еуін қайта жаңғырту жоспарланған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген.

Роза Сариева, ТО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Облыстық бюджеттің қосымша нақтылауына қосымша 2,7 млрд. теңге қарастыруға қоысмша бюджеттік ұсыным ұсынылды. Оның ішінде 2 млрд-ы қазандықтарды жөндеуге, 489 млн. теңгесі станцияның ағымдағы жөндеуіне, 256,4 млн. теңге отын сатып алуға қажет»

Ал облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575 гектар жылыжай бар. Оларға 282 мың тонна көмір қажет. Жылыжайдың басым бөлігі Сарыағаш ауданында орналасқан. Өткен жылы шаруаларға қара отын жетпей, біршама өнімді үсік шалған еді. Сондықтан да ауыл шаруашылығы мамандары алдын алу жұмысын жүргізіп жатқанын жеткізді.

Тұрғанбек Оспанов, ТО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау Қағидасы әзірленуде. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысына сәйкес, көмір отынын өндірушілерден тауарлық биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарына тікелей сатып алу механизмі пысықталуда. Осы бойынша бірқатар жұмыс атқарылды»

Өңірде 2448 бюджеттік мекеме орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Оның 515-і дайын. Ал жалпы облыс тұрғындарына 1 млн. 154 мың тонна көмір қажет. Қазірге дейін оның тек 10 пыйызы ғана әкелінген. Сондықтан облыс басшысы жауапты мамандарға жұмысқа пәрмен беріп, ертерек атқаруды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Әлеуметтік нысандар, әсіресе, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керек. Әрбір ғимаратты тексеріп, жұмыс жүргізіңіздер. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласына жауапты басқармалары бюджеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізсін. Бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорымен қамтамасыз етілсін. Аудан, қала әкімдері, барлық нысандардың, жылу қазандықтардың жылыту маусымына дайындығын пысықтаңыздар»

Облыстағы 1733 көпқабатты тұрғын үйдің 686-сы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген. Ал оның 574-і қысқы маусымға сақадай сай.