Қазір Шымкентте 11 мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Оларды уақытша немесе тұрақты жұмысқа орналастырумен «Еңбек мобильділігі орталығы және мансап орталықтары» айналысады. Бүгінде осы орталықтың септігімен жұмысқа тұрған жас мамандар баршылық.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мерей Мұқымбай қазір Шымкент қаласы Әділет департаментінде мамандығы бойынша Іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспектор қызметінде 3 айдан бері жұмыс істеп келеді. Жастар практикасының арқасында Мерей осында 3 ай өндірістік тәжірибеден өтіп, кейіннен департаментке тұрақты жұмысқа қабылданған.
Мерей Мұқымбай, Шымкент қаласы Әділет департаментінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі инспекторы: «Жастар практикасы туралы негізінен, мен таныстарым арқылы естіп білдім. Қазір тұрақты түрде жұмыс жасап жатырмын, 3 ай болып қалды».
Ал заңгер мамандығын тәмамдаған Дана Шамсиддин 1,5 айдан бері департаментте аталған жастар бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс істеп жүр. Шымкент университетінің түлегі, болашақта осы мекемеде тұрақты еңбек етуді мақсат тұтқанын айтады. Сол себептен де қазіргі уақытта сала жетекшілерінің жүктеген тапсырмаларын тиянақты орындап, кәсібилігін арттырып жүр.
Дана Шамсиддин, жас маман: «Мамандығым ия жұмысым ұнап жатыр. Әріптестердің қолдауымен, қазіргі таңда бәрін үйреніп келе жатырмын. Жастар практикасын білемін, маған 10 күнде тауып берді, тізімде көп органдар болды. Мен бірақ Әділет басқармасына өзімнің көзім түсті. Осы жақта өсіп, өнгім келіп, үйренерім көп әлі сондықтан осы жаққа көзім түсті. Сол себеептен Әділет басқармасын таңдадым».
Елімізде 200-ден астам «Мансап орталықтары» жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты — жұмыссыз жүрген азаматтарға екі қолға бір күрек тауып беру. Мұнда зейнет жасына дейінгі азаматтардың бәріне жұмыс бар дейді мамандар. Ол үшін «Енбек.кз» порталына жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
Айдар Қаратаев, Шымкент қаласы Әділет департаменті әкімшілік бөлімінің бас маманы: «Қазіргі таңда біз жастар практикасымен жас мамандарды тұрақты түрде жұмысқа қабылдаймыз. Жастар практикасы мемлекеттік бағдарлама, жас мамандарды тәжірибе алмасу, жас білікті мамандарды даярлау болып табылады. Ағымдағы жылы Шымкент ққаласы Жұмыспен қамту орталығымен өзара келісімшарт түзілген. Қазіргі таңда 8 жас маман қабылданған. Оның 4-і тұрақты түрде келісімшарт бойынша жұмысқа қабылданды».
Қазіргі таңда Шымкент қаласының Әділет департаменті халықты жұмыспен қамту орталықтарымен жіті байланыста екенін байқауға болады. Яғни олар енді ғана оқуды аяқтаған кәсіби мамандарды өз мекемелерінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік сыйлап жатыр. Жастар практикасымен келген түлектердің жұмысқа деген талпынысы, білімі, жауапкершілігі мол болса, біз оларды міндетті түрде жұмысқа орналасуына септігімізді тигіземіз дейді мекеме қызметкерлері.