Агрокөрмеде ауыл шаруашылығы тауарлары аграршылар назарына ұсынылды

37

Шымкентте ауыл шаруашылығы техникалары мен отандық агроөндірістік кешен тауарларының көрмесі өтті. Көрме алаңында агродрон, тракторларға арналған автопилот жүйесі мен заманауи тыңайтқыш түрлері таныстырылды. Бұдан бөлек жергілікті ғалымдардың жұмысы дәріптелді.

Агрокөрмеде ауыл шаруашылығына қатысты түрлі технологиялар келушілер назарына ұсынылды. Солардың бірі агродрон. Ол кең спектрлі сенсорлармен қамтылған техника. Оның көмегімен егістік алқабына минералды тыңайтқыштарды шашуға болады.

Амангелді Тіркешов, аграршы: «Маған жаңбырлатып және тамшылатып суару техникасы ұнады. 1 млн 200 теңге төлесең, 50 пайызын мемлекеттік қаржы есебімен төленеді».

Биыл үшінші мегаполисте 27 мың гектар жерге майлы, дәнді және жем дақылдары егілген. Қалалық әкімшілік бұл жұмыс жүйелі түрде жемісін береді деп сенім білдіріп отыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: “Бұл шараға ғалымдар мен сала мамандары қатысып отыр. Шымкент өзін-өзі ауыл шаруашылығы тауарларымен қамтуға қауқарлы деп есептейміз. Жеке кәсіпкерлерге тікелей агрономдармен жұмыс жасау қажет деп ойлаймыз».

Мұнда кластерлі өндірістің дамуына басымдық берілген. Шараға қатысушылардың айтуынша, бұл қосымша табыс әкелумен қатар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: “Мәселен, бал өндірушілер мен сүт өнімдерін шығарушылар бар. Сонымен қатар көкөніс саласы да бар. Олар қайта өңдеушілермен жұмыс істейді».

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіретіндер мен өңдейтіндер делдалсыз жұмыс істеуге дағдыланып отыр. Қазіргі уақытта Шымкент аграршылары құлпынай өсіруді қолға алды. Әзірге олар өнімнің көлемін арттырып, озық технологиялармен тәжірибе жүргізіп жатыр.