«Есіктен есікке» акциясы өткізілуде

29

1 наурыздан бастап кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікті микрокредиттер беру үшін құжат қабылдау басталғаны белгілі. Жалпы биылғы жылы барлығы 5 796 шағын несие беру жоспарлануда.

Микрокредит сомасы 5 миллион теңгеге дейін, қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа) 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. «Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт емес. Бұл ретте жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады». Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызмет хабарлаған болатын. Осыған орай бүгінде Түркістан облысында қарқынды түрде ақпараттандыру жұмыстары атқарыуда. Ауыл, аудандарда насихат жұмыстары қызу жүргізілуде.

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданы Жастар ресурстық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Сабыр Рақымов ауылдық округі жастарына арнап кәсіпкерлік бастамалары үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несие беру бойынша «Есіктен есікке» акциясы жүруде.

Аталмыш шараның мақсаты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеке ісін ашу үшін жағдай жасау болып табылады. Микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу, бизнесті бастау, оны кеңейту мақсатында беріледі. Бұл – жаңадан кәсіп ашып, ісін өрге домалатамын, қолда бар кәсіпті әрі қарай дамытамын деген жастарға таптырмас мүмкіндік болып отыр.

Айта кетейік, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында бірнеше әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Олар, қайтарымсыз негіздегі грант беру, жастарға 2,5 пайыздық жеңілдікпен микрокредит беру болып табылады.

Насихат жұмыстарының барысында көптеген ауыл жастары аталған бағдарлама туралы алғаш естіп тұрғаны белгілі болды. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдауларға үн қатуға ниетті жастардың қатары көп болып шықты.