Консервіленген тауарларды санитарлық талаптарға сай дайындау керек

34

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, санэпидемиолог мамандар үй жағдайында консервіленген тауарларды дайындайтын қыз-келіншектерге ескерту жасады. Олардың айтуынша, түрлі көкөніс пен жеміс-жидектерді, саңырауқұлақтарды дайындау қағидаларын сақтамаған жағдайда банкада өмірге қауіп әкелетін вирустар пайда болады. Егер науқасқа уақытылы дәрігерлік көмек көрсетілмесе, ауру асқынып, тіпті өлім жағдайы орын алуы мүмкін.

Қазір бақша өнімдерінің нағыз маусымы. Бұл ретте қыз-келіншектер қызанақ, қияр және өзге де өнімдерді сан түрлі әдіспен қайнатып, консервілік өнімдер дайындайды. Осы орайда дәрігерлер технологиялық ереже сақталмай дайындалған  тауарлардың адам өміріне қаупі жоғары болатынын ескертеді.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары: «Кейде адам өлімі ботулизм ауруынан кейін туындап жатады. Оған біз мән бере бермейміз. Себебі бұл ботулизм ауруының осындай өлім жағдайына алып келуі орталық нерв жүйеміздіу зақымдануынан болып келеді. Биыл ешқандай жағдай тіркелген жоқ. Ал былтыр 1 науқас тіркелген болатын.»

Былтыр Шымкент қаласында аталған ауру түрімен 1 адам науқастанған. Биылғы жарты жылдықта қала халқы тарапынан ешқандай шағым болмаған. Мамандардың айтуынша, көбіне қыс мезгілінде дұрыс сақталмаған азықты пайдаланған уақытта улану оқиғалары тіркелетін көрінеді. Аурудың ең алғашқы белгілері: бас айналу, құсу, көздің көру нашарлауы және әлсіздік, ауыздың құрғауы, жұтынудың қиындауы, шашалып қалу, көмейінде бірдеңе тұрып қалғандай сезіну.

Алдарқұл Ахметов, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Үй жағдайында технологиясы сақталмай дайындалған консервіленген салаттар, басына герметикалық қақпақ толық жапқан кезде ол кезде ауасыз кеңістік пайда болады. Егер технология сақталмай ботулизм қоздырғышы түскен жағдайда ол сонда көбейіп, өсіп өніп, ол ботула токсин бөліп шығады. Сол токсин адам ағзасына әсер етеді. Аурудың ерекшелігі біз жапқан банка консервілеріміз олар түсі бұзылмайды, олар түсі еш өзгеріссіз, иісі де бүлінбейді. Қаз қалпында болады.»

Ботулизмнің алдын алу үшін тағам түріне қажетті азық-түлікті бірнеше мәрте жуып, оның үстінде топырақ қалдықтары қалмағанына баса назар аудару керек. Кейіннен асыңызды құятын банка мен қақпақты суға салып қайнатып, санитарлық талаптарға сай жабу керек. Ең қызығы, бұл инфекциялық ауруды бірден анықтау мүмкін емес екен. Яғни, вирусты құтының сыртына қарап еш біле алмайсыз. Ал ыдыстың қақпағы ісіп немесе атылып жатқан жағдайлар болып жатса, оны бірден қоқысқа тастау қажет.