Фото/Әлеуметтік желідегі видеодан скрин
Сатушыны соққыға жығып, гүл шоғын ашықтан ашық алып кеткен шымкенттік экс-полицейге қатысты тағы бір дерек шықты. Бұрынғы полиция қызметкері айыппұл төлеуден жалтарып жүр екен.
Бұған дейін оның Түркістандағы кафеде отырып, ақшасын төлеуден бас тартқаны туралы жазған болатынбыз. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Ондағы мәліметте оқиға 16 мамырда болғаны жазылған.
Шу шығарған бұрынғы тәртіп сақшысы оқиға орнына патрульдік полиция келген соң кафемен есеп айырысып, шотты жапқан. Бірақ оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша 8625 теңге көлемінде айыппұл салынған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оның сомасы бүгінде 17250 теңгеге өсіп кетіпті. Себебі бұрынғы экс-полицей әлі күнге дейін айыппұлды төлемеген.
Еске салсақ, бұрынғы погонды қызметкердің Шымкенттегі гүл дүкенінде флорист жігітті соққыға жығып, гүл шоғын алып кеткен сәтінің видеосы Қазнетте қызу талқыланған болатын. Әлеуметтік желілерде сатушыны соққыға жыққан адам «прокурордың ұлы» деген ақпарат тарады. Бірақ прокуратура мен полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. Көп ұзамай оның Қаратау аудандық ПБ-ның бұрынғы қызметкері болғаны белгілі болды. Ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған екен. Гүл дүкеніндегі жанжал 8 мамырда болған.
Бұрынғы тәртіп сақшысының флорист жігітті соққыға жығып, гүлді алып кету фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.