Гүл сатушыны соққыға жыққан экс-полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

621

Шымкентте гүл сататын дүкендегі даулы оқиғаның екінші видеосы бойынша жаңа ақпарат пайда болды. Дүкен сатушысына қол жұмсап, гүл шоғын алып кеткен қара футболкадағы ер азамат сол кездегі полиция қызметкері болып шықты. Алайда қазіргі таңда ол тәртіп сақшысы емес.

ІІМ Telegram-каналындағы мәліметке сүйенсек, бейнежазбадағы ер адам Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері. Ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған.

Ал даулы оқиға 8 мамырда болған. Оның видеосы желіде тарады. Дүкенге екі ер адам келіп, оның бірі сатушыны соққыға жығып, гүл шоғын алып кетеді. Бейнежазбада соққы алған флорист жігіттің жерге құлаған сәтін көруге болады. Бұл бойынша полицияға шақырту келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан екен.

Бүгін экс-полицейдің үстінен  Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау) сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде гүл сататын дүкенде орын алған екі видео тарады. Екі бейнежазбада да жанжал шығарған адам «прокурордың ұлы» деген ақпарат тарады. Алайда полиция мен прокуратура бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Алғашқы оқиғада сауда орнына келген үш азаматтың бірі дүкен алдында дәрет сындырып, кейін сатушы жігітке былапыт сөздерді қарша боратады. Онымен қоймай үстел үстіндегі қайшыны алып, сатушыға тап бермек болады. Бұл оқиға 8 тамызда болған. Көп ұзамай видео кейіпкері, Шымкент қаласының 1990 жылы дүниеге келген тұрғыны масаң күйде болғанын айтып, қазақ елінен кешірім сұрады. Сонымен қатар прокурордың баласы еместігін, туыстары да прокуратурада істемейтінін, әкесі өмірден озғанына 32 жыл болғанын айтады.

Ал 8 мамырда болған екінші видеодағы экс-полицей 1989 жылы дүниеге келген. Әкесі жоқ, анасы зейнет жасында екен.