Шымкентте 2 бүлдіршін суға батып қайтыс болды

45

Шымкентте 2 бүлдіршін суға батып қайтыс болды. Қайғылы жағдайдың бірі 5 тамыз күні Қаратау ауданы Геологтар саяжайында орын алған. Онда ата-ананың қарауынсыз қалған 2021 жылы туған баланың мәйітін туысы тереңдігі 50 см-лік суару каналынан алып шығарған.

Ал екінші оқиға 7 тамызда Абай ауданының Алматы тас жолы бойында орналасқан қалалық тазарту жүйесінде болған. Онда 2022 жылы туған қыздың мәйітін науаның жанынан өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдар байқап қалған.

ТЖД мәліметіне сүйенсек, сәби белгісіз жағдайда науаға түсіп, суға батып кеткен. Мамандардың сөзінше тереңдігі 40 см тазарту жүйесіне түсіп кеткен бүлдіршін де ата-анасының қарауынсыз қалған.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 7 суға бату фактісі тіркелді. Төтеншеліктер оқыс оқиғаның барлығы балалар ата-ананың қарауынсыз қалған сәтте орын алғанын айтады.

Серік Әуезхан, Шымкент қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
«Қалада ересектердің қарауынсыз қалған балалармен 5 және 7 тамыз күндері екі жазатайым оқиға тіркелді. Жыл басынан бері қалада жеке үйлерде орнатылған қаңқалы бассейндерде, суару каналдарында, субұрқақтарда болған 7 жазатайым оқиға тіркелді. Барлық жағдайда балалар ата-аналарының қарауынсыз болды».