Шымкентте биыл 49 инвестициялық жоба жүзеге асады

31

Үшінші мегаполистік өнеркәсіп өндірісінде оң өсім бар. Жыл басынан бері аталған салада табыс көлемі 498 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 млрдқа артық. 

Шымкент қаласында биыл 49 жоба жүзеге асады. Ол үшін 129 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген. Олар сауда, білім, туризм, өнеркәсіп саласында ашылмақ. Айтулы жобалар 2022-2027 жылдарға арналған жоспар негізінде жүзеге асады.

Біржан Әзімбердиев, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда инвестициялық жоспар құрылған. Ол жүзеге асса 1,7 трлн. қаржы тартылып, 18 мың адам жұмыспен қамтылады. Ал жылдармен алғанда биыл 49 жоба ашып, 129 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған»

Қалада кәсіпкерлік саласында оң өсім байқалады. Атап айтқанда, жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 498 млрд. теңгені құрайды. Жоспар 101 пайызға орындалса, бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 50 млрд. теңгеге артық.

Біржан Әзімбердиев, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Қалада өнеркәсіп кәсіпорындары 887 бірлікті құрап отыр. Оның ішінде ірісі 24, ортасы 46, шағын 817, жалпы 6 айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлермен өндірілген өнім көлемі 498,3 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші 433,6 млрд теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Ол металлургия, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, дайын металл бұйымдары, химия өнеркәсібіне тиесілі».

Жыл соңына дейін жалпы 721 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарда бар. Сонымен қатар 2 жарым мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Алдағы уақытта қалаға инвестиция тарту жұмыстары қарқынды түрде жалғасын табатын болады.