Шымкентте тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау басталды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жасалып жатыр. Алғашқы болып Еңбекші ауданындағы 2 қабатты үй тұрғындары көшірілді. Олар 1 жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып, келер жылы күзде су жаңа баспанаға ие болмақ.
Бағдарламаның алғашқы легіне Еңбекші ауданындағы іргесі 1950 жылдары қаланған тұрғын үй ілікті. Жалғызбасты ана Жанат Ахметованың мұнда тұрып жатқанына 10 жылдан асқан. Ол енді сыртқы қасбеті ескіріп, іргесі сөгіле бастаған баспанасының жаңаратынына қуанышты.
«Қазіргі таңда бастамасы жақсы. Бастап жатқан іс оңынан болса, осындағы тұрғындардың бәрі риза болар еді. Осы заңның енгізіліп жатқанын оқып-біліп, көзіміз жетті. Құдай қаласа осы іс енді аяғына дейін жақсы бітсе екен»,-деді Шымкент қаласының тұрғыны Жанат Ахметова.
Қазір мұнда 8 отбасы тұрады. Олар уақытша тұратын пәтер іздеп, біртіндеп көшіп жатыр. Ал мердігер баспана жалдау ақысы ретінде әр шаңыраққа айына 100 мың теңгеден үлестіреді. Сонымен қатар азаматтардың дүние мүлкін тасымалдау жұмысы да құзырлы мекеменің мойнында.
«ӘКК-пен келісімшартқа отырып, реновация жобасын қолға алып жатырмыз. ӘКК сүйемелдеуімен Еңбекші ауданында бірінші реновацияны бастадық. Қазір бұл бірінші болған соң әр отбасына 100 мың теңгеден төлеп жатырмыз. Бірақ ай сайын бермейміз. Құрылыстың басталғанынан аяғына дейінгіні есептеп, тұрғындар уайымдамас үшін бірден төлеп тастаймыз»,-деді «B Like» ЖШС-нің бас директоры Бауыржан Құлжанов.
Айта кетейік, бұзуға жіберілген нысанның орнына 36 пәтерлі заманауи тұрғын үй бой көтереді. Құрылыс жұмысы келер жылдың ІІІ-тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Содан соң тұрғындар су жаңа баспанасына қайта қоныстануға мүмкіндік алады. Оған қоса инвестордың атынан қосымша шаршы метрлер сыйақы ретінде берілмек.