Түлкібас ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 айдың ішінде 36,5 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде бюджеттің өзіндік кіріс көлемі артқан. Өнеркәсіп өнімі былтыр 16 млрд теңгеге жетсе, биыл жыл басынан бері 7,7 млрд теңгені құрады. Енді ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемін жыл соңына дейін 20,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылында облыстық маңызы бар автомобиль жолын жөндеу үшін 595 млн теңге қарастырылып, құрылыс толығымен аяқталды. Ауылда су құбырлары ауыстырылып, тас жолдар төселді. Сонымен қатар сапалы ауыз су тартылып, ішкі көшелер жөнделуде. Ал Түлкібас кентіндегі мектепті жөндеуден өткізуге қаржы қаралып, спорт кешені мен интернаттың сәулет-жоспарлау құжаттары дайындалу үстінде.
Дархан САТЫБАЛДЫ – Түркістан облысының әкімі: «Ауданда 447 млрд теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру пысықталуда. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені жылына 100 тонна каустикалық сода, 1 млн тонна цемент өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Ауыз су және алкогольсіз сусындардың өндірісі іске қосылады. Жылына 2 мың тонна күркетауық етін өндіру және өңдеу жоспарлануда. Нәтижесінде 3 мың 635 жаңа жұмыс орындары құрылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 128 млрд теңгеге, салық түсімдерін 13,5 млрд теңгеге арттыру көзделуде. Былтыр ауданда 408 жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 806 жұмыс орны ашылды.»
Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 188 млн теңгеге 31 жоба қаржыландырылды. Жоба Мичурин, Балықты, Рысқұлов, Шақпақ ауылдық округтерінде енгізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданға іссапары барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, шаруасын ұлғайтқан кәсіпкерлермен кездесті.
Дархан САТЫБАЛДЫ – Түркістан облысының әкімі: «Өздеріңіз білесіздер, облыс тұрғындардың басым бөлігі ауылды елдімекендерде тұрады, нақты айтқанда 80 пайызы немесе 1,6 млн адам. 1 млн-ға жуық ауыл тұрғындарының экономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің облыс үшін өте маңызды. Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.»
Былтыр ауданда 2 жаңа мектеп салынды. Бүгінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар бірнеше білім ұялары жөндеуден өтіп жатыр. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Рысқұлов, Састөбе кентінде 2 мектеп салынбақ. Сондай-ақ 4 елдімекенде фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылысы жүріп жатыр.
Жалпы Түлкібас ауданында жаңа өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың 635 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 60 млрд теңгеден асыру жоспарланған. Алдағы үш жылда жалпы құны 10 млрд теңгеден асатын 9 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2025 жылы 77 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Автор: Гүлдана Дәурен