Жас кәсіпкер шағын несие алып, кәсібін дөңгелетіп отыр

21

Шымкентте 150 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілді. Ал ең бірінші болып қомақты қаражатқа қол жеткізгендердің бірі — Гүлжанат Орманова. Ол Тұран шағынауданында өнер мектебін ашып, балаларды өнер-білімге тәрбиелеп отыр.

9 жасар Айару Зәуірбек 2 жылдан бері би билеуге машықтанады. Оның ән айтуға деген қызығушылығын байқаған әжесі немересін музыка үйірмесіне алып келіпті. Жасөспірім мұнда келіп 2 айдан бері вокалдың қыр-сырын үйреніп жүр. Ол алда ән байқауларына қатысып, танымал әнші атанғысы келеді.

Айару Зәуірбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әзірге 2 әнді жатқа, әдемі айтамын. Сол 2 әнді үйде айтып дайындалып жүремін. Оған қоса қазақы әндер қатты ұнайды. Сондай әндерді көп айтамын».

Қазір бұл мектепте Айарудан бөлек 300-дей бала сабақ алып жатыр. Тұран шағын ауданында бұған дейін балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өнермен, шығармашылықпен шұғылданатын орын болмаған. Жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова да бастапқыда баласын апаратын орталық таппағанын айтады. Сондықтан өнер мектебін ашуға бел байлаған.

Гүлжанат Орманова, жас кәсіпкер: «Осыдан 4 жыл бұрын Тұраннан ипотекаға үй алғанбыз. Ол кезде шағынаудан жап-жаңа еді. Ешқандай мектеп жоқ еді. Біздің қызымыз өсе келе беретін үйірме таппадық. Сондықтан неге осындай мектеп ашпасқа деген идея келді».

Гүлжанат Орманова Шымкентте алғашқылардың бірі болып жастарға арналған жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Сол арқылы мектепке керекті музыкалық құрал жабдықтарды сатып алған. Жас отбасының ұсынған идеясы комиссия мүшелерінің ойынан шығып, өтінімін бірден мақұлдапты. Қазір соның арқасында үйірме саны артып, бүлдіршіндерге жағдай жасап отыр.

Гүлжанат Орманова, жас кәсіпкер: «Бесінші айда құжаттарды жинап бастадық. Бірінші барғанда кеңес берді. Екінші барғанда құжаттарымызды қабылдап алды. 1 аптадан кейін жобаны қорғауға бардық. Қазір көп жастарда идея нақты емес, ақшаға қызығушылығы бар, алайда неге алатынын білмейді дейді. Ал комиссия біздің идеяны ұнатты. «Балаларды қамтитын болсаңыздар неге сіздерге бермеске. Сіздерге бермегенде кімге береміз» деп айтты. Біз балаларды қамтыған соң берді деп ойлаймын. Өйткені сауда немесе басқа сала емес, білім саласы болған соң ұнады деп ойлаймын».

Биыл үшінші мегаполисте 261 азаматқа 2 жарым пайыздық жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Жыл басынан бері 343 жас кәсіпкер бағдарламаға қатысуға ниет білдірсе, оның ішінде 150 азаматтың өтінімі мақұлданды. Қазір 113 тұрғын шағын несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Мақсат Жолдасбеков, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары: «Жобаға 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер қатыса алады. Яғни, өз кәсібін ары қарай дөңгелету үшін мемлекет осындай жәрдем көрсетіп жатыр. Бұл жерде 5 млн-ға дейін беріледі. Несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Ең бастысы азаматтардың кепіл заты болуы шарт».

Кепіл ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Егер кәсіпкердің атында мүлкі болмаса, рұқсат қағазы арқылы ата-анасы, бауырларының техникасын, жерін кепілге қоя алады. Әлі қалада 111 азаматқа шағын несие алуға мүмкіндік бар.