1 қыркүйек — Білім күні. Мерекеге орай қаламызда жаңа мектеп ғимараттары пайдалануға берілді. Соның бірі әйгілі №8 гимназия. Бүгін мұнда оқушылар алғашқы қоңырау рәсіміне қатысып, жаңарған білім ұясымен танысып жатыр.
Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназиясы дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімін жаңа ғимаратта өткізді. Мұнда балалар заманауи технологиямен білім алатын болады. Бастысы дарынды жастар сабақты үш тілде тереңдетіп оқиды.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Бұл көптен күткен тарихи сәт. №8 гимназияның Шымкент қаласында алар маңызы зор. Қаншама дарынды жас түлеп ұшты. Жаңа ғимарат құтты болсын. Алғашқы оқу жылын бастап отырсыздар. Жаңа оқу жылы табысты болсын».
Тарихы терең білім ордасы шәкірттерін жаңа нысанда ғылымға баулитынына ата-аналар дән риза. Азиза Байменнің 3 баласы осы қабырғадан білім алып, түлеп ұшқан. Енді 2 немересі осында оқып жатыр. Әжесі олардың алтын ұясына асығып келгенін айтады
Азиза Баймен, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мектеп керемет. Ерекше әрі заман талабына сай етіп салыпты. Ризамыз. Адам танымастай өзгерген. Балалар мектепке 31 күннен дайындалды. Мектепке ертерек барсақ екен деп тағатсызданып келді. Шынымен де керемет»
Биыл бұл білім ордасы ең үздік мамандандырылған мектеп атағына ие болды. Соған орай білім күнінде дарындар шеруі ұйымдастырылды.
8 гимназияда биыл үш ауысымдық оқу мәселесі шешілді. Енді мың жарым оқушы кең, заманауи, ыңғайлы ғимаратта білім алады. Мектеп директоры мұнда тәрбие мәселесі де жолға қойылғанын жеткізді.
Айнұр Сахова, М.Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның директоры: «Біз үшін керемет күн. Мереке. Ұстаздар да, ана-аналар да қуанып жатыр. Ұстаздарды мерекесімен құттықтаймын. Аллаға шүкір, биыл, мінекей, жаңа ғимаратқа көштік. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Алда керемет мақсаттар бар. Тоқтауға болмайды. Алдағы уақытта өз орнымызды жоғалтпай, дарынды оқушыларымыздың санын арттыруымыз керек. Ең бастысы білім мен қатар тәрбие беруіміз керек».
Айта кетейік, мектеп 1968 жылы бой көтерген. Қаладағы ең ескі нысанның бірі саналады. Сондықтан мұнда 1100 орындық қосымша ғимарат салынып, жаңа оқу жылында балақайлар игілігіне берілді.