Ұмра қажылығына апарамын деп, көпшілікті сан соқтырған “Kausar Travel” компаниясының басшысына қатысты сот үкімі шықты. Экс-директор кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал сотталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Айтуынша, өзі де алданып отыр. Қомақты қаржыны Бекболат Тілеуханға бергенін айтты.
Шымкентте қазақстандықтардың қаржысын алып, Ұмра қажылығына апарамын деп сан соқтырған «Kausar Travel» компаниясының экс-басшысына қатысты сот үкімі шықты. Сотталушы ірі мөлшерде екі немесе одан да көп адамға қатысты аялаяқтық жасау бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған 5 жыл мерзімге туризм саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Айнель Орақбаева, Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы: «ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1,3-тармағымен айыпталып, толығымен кінәлі деп танылды. Іс бойынша бізде 245 жәбірленуші өтті. Қылмыспен келген залалдың мүлдем өтелмегенін, өкініш білдірмегенін, осы қылмыстық әрекеттің ауырлығын сезінбегенін ескере отырып, бұл кісіге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.»
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өткізеді. Дегенмен ол өз кінәсін мойындаған жоқ. Сөзінше, өзі де өзгелерге алданып қалған екен.
Сотталушы: «Мен өзімді кінәлі санамаймын. Себебі, мен алданып отырмын. Менің кінәм – кәсіпті дұрыс жүргізе алмаған шығармын. Мен қамауға түскен сәттен бастап, қазіргі таңға дейін Бекболат Тілеуханға қаржы бергенімді, ол кісінің қаржыны қолды еткенін айтып келемін. 522 млн теңге жалпы компания қаражаты, яғни, қажылардың қаражаты деп айта аламын. 128 млн жеке қаражатым. Ақша бергенімді дәлелдейтін түбіртектер бар, Полиция департаментіне өткізуге дайын отырмыз».
— Бекболат Тілеуханға ма?
— Дәл солай, иә, — деді сотталушы.
Айта кетерлік жайт, судья «Kausar Travel» деген компанияның еш жерде тіркелмегенін, заң жүзінде ондай мекеме мүлдем болмағанын айтты. Фирма қызметкерлерімен арада келісімшарт түзілмеген, яғни, барлық жүргізілген қызмет заңсыз болған. Ал жәбірленушілерге жалпы 254 млн теңгеден астам залал келтірілген. Сот үкімі бойынша сотталушы келтіріліген шығынды 2 ай көлемінде өтеуі тиіс.
«Kausar Travel» деген мүлдем жоқ компания. Еш жерде тіркелмеген, тіркеуге алынбаған. Сотталушы «болашақта тіркеймін» деген уәжбен Алматы және Шымкент қаласында 2 офис ашқан. Жалпы бұл фирмада 50 шақты адам істеген. Әр филиалда директорлары болған. Ресми түрде емес, ешқайсымен келісімшарт түзілмеген. Айлық қолма-қол берілген, барлық қызметі заңсыз болған. Бекболат Тілеухан бұл кісіні мүлдем танымайтынын, бірінші рет көріп отырғанын, егер таныса дәлелдемелер ұсынуды айтты. Алайда Мұратбайұлы өз дәлелдемелерін ұсына алмады», — деді судья Айнель Орақбаева.
Атышулы іс бойынша 245 адам жәбірленуші деп танылған. Олар сотталушыға тағайындалған жазамен келіспейтінін айтады. Сөздерінше, экс-директор кемінде 10 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс. Сондай-ақ, жәбірленуші тұлғалар осы компанияны жарнамалаған эстрада жұлдыздары да жауапқа тартылсын деп отыр.
Нұрлан Серғазиев, жәбірленуші, «Берілген жаза әлі де төмен деп ойлаймын. Өйткені жәбірленушілердің саны өте көп. Соттың өзі айтып отыр ғой, 1300 адам жәбірленуші болған. Бұл бойынша үкім жұмсақ. Медет Мұратбайұлы осы уақытқа дейін 10 ай тергеу изоляторында отырған. Оның бір күні бір жарым күнге есептелінеді. Есептеп қарасақ, бір жарым жыл қазіргі таңда өтіп кетіп отыр. Енді қалғаны 3 жыл отырады да ары қарай айыппұлмен шығып кетуі әбден мүмкін. Ел алдында «Kausar Travel»-ды жарнамалағандар жұлдыздар да жауапқа тартылуы тиіс. Олар: Айнұр Тұрсынбаева, Нұржан Керменбаев, Жігіттер тобы, Нұрлан Қоянбаевтар.
«Kausar Travel» турфирмасына қаржысын төлеп, қажылыққа аттанбақ болғандардың ішінде Шымкент, Алматы, Тараз, Қызылорда, Ақтау секілді елдің түкпір түкпіріндегі тұрғындар бар. Қаңтар айының соңында турфирма директоры Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталып, Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Ал аталмыш оқиғаға байланысты сот отырысы шілде айында басталған еді.