Шымкентте АИ 95 маркалы бензин өндірісі қайта іске қосылды. Қазір онда айына 6 мың тоннаға жуық өнім алынады. Алда өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр.
Шымкентте АИ 95 маркалы бензин өндірісі қайта іске қосылды. Осылайша кәсіпорын қалыпты жұмыс режиміне көшті. Оған қоса зауыт басшылығы жанармай өндірісінің қуаттылығын арттыратын жаңа жылу алмастырғыш құрылғы әкелуді жоспарлап отыр. Сондықтан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма төрағасы зауыт жұмысымен танысып шықты.
Дмитрий Макеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары: «Қазір зауыттың жұмысын бақылауда ұстап отырмыз. Біз 4 тамызда Пекинде мамандармен келіссөзге келіп, жаңа құрылғыны алдыратын болдық. Қазір жылу алмастырғыш дайындалып жатыр. Бірінші- бесінші желтоқсан аралығында жылу алмастырғыш жөнелтуге дайын болады».
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытында LANPES пластиналы жылу алмастырғышы істен шығып, АИ-95 көлік отынының өндірісі тоқтап қалған еді. Салдарынан үшінші мегаполисте жанармай тапшылығы туындады. Сондықтан мамандар тез арада құрылғыны ауыстыруға шешім қабылдаған. Ал жаңа жылу қондырғы зауытқа келесі жылдың ақпан айында жеткізілмек.
Бақыт Ерегенов, «ПетроҚазақстан Продактс» ЖШС-нің техникалық директоры: «Бүгінгі таңда АИ 92 бензині 100 пайыз өндіріліп жатыр. Ал осы айда АИ 95-тің 5800 тоннасы өндірілді. Қыркүйек- қазан айларында 10 мың тоннадан өндіруді жоспарлап отырмыз. Қарашадан бастап 25-28 мың тоннаға жеткіземіз».
Ведомствоның мәліметінше, ішкі нарықты қамтамасыз ету және өндірістік жоспарды орындау мақсатында АИ-95 маркалы мұнай өнімін уақытша өзге өңірлерден тасымалдаған. Нақтырақ айтқанда, аймақты аталған отын түрімен Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауыты қамтамасыз етті.