Үшінші мегаполисте «Арыстан баб және Ихсан тағылымы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференция өтіп жатыр. Басқосудың алғашқы күні ислам бағытындағы діни кітаптардың көрмесімен басталды. Шараға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі, имамдар, қала ардагерлері мен жастары қатысты.
Шымкентке еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы келді. Басты мақсат — конференция аясында азаматтарға ислам діні мен дәстүрді насихаттау, киелі орындарға зиярат жасау. Ең бастысы жастарды жат діни идеологиялардың ықпалынан сақтау, оның алдын алу.
Наруызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: «Біздің мақсатымыз — жалпы тегімізді білу, тегімізді ұмытпау, тарихымызды жаңғырту, қазіргі таңда белгілі діни тақырыпта көптеген әңгімелер бар. Сол әртүрлі әңгімелерге жауап беру үшін біз тарихымызды тереңнен алып, сонау ұстаздардың ұстазы болған, Арыстан баб бабамыздың атына арнап, арнайы конференция өткізу арқылы дәтүрлі дінімізді, ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрімізбен ұштасқан қаситетті ислам дінін кеңінен халқымызға түсіндіру үшін осындай жиындар өткізіп жатырмыз».
Екі күнге жалғасатын шара барысында қазақстандық ғалымдар ата-бабаларымыздың ұстанған дін жолын баяндап, халыққа кеңінен насихаттайтын болады. Сонымен қатар теріс ағымның жетегінде жүргендерге оңалту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.
Наруызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти: «Ертең Құдай қаласа қаламыздағы тағы да бір жаңа мешіттің ашылуына қатысамыз. Халыққа, жамағатқа табыстайтын боламыз. Ертең Ақмешітте жұма намазында уағыз жүргіземіз. Ондағы тақырып Пайғамбарымызға арналады. Қазіргі осы айымыз пайғамбарымыздың дүниеге келген айы. Сондықтан Пайғамбардың өсиеті ретінде нені қалдырды, Пайғамбар өмірі қалай болды, жолы қалай болды? Біз қазіргі таңда қалай ұстануымыз керек».
Айта кетейік, алқалы басқосу Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өтуде.