Шымкентте балалардың сырғасын ұрлаумен айналысқан бойжеткен ұсталды

26

   Тұран ауданының тұрғыны полицияның 102 арнасы арқылы бейтаныс біреу кішкентай қызының алтын сырғасын алдап алып кеткені туралы хабарлады. Аулада ойнап жүрген 7 жасар қыздың жанына белгісіз біреу келіп, өзін анасының құрбысымын деп таныстырып, балмұздақ алып беремін деп, құлағындағы қымбат сырғасын шешіп алып, белгісіз бағытқа ізін суытқан.

     Полицейлер аталған деректі «алаяқтық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тергеушілер болған жайтты көрген-білген барлық куәгерлерден жауап алып, оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Қабылданған шаралардың арқасында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны екі тәулік ішінде қала аумағында құрықтады.
   Тұран АПБ-ның тергеушісі Нұрдәулет Аязхановтың айтуынша, 23 жастағы бойжеткеннің осыған ұқсас басқа да қылмыстық істерге қатысы бар. Бұған дейін ол тағы бір кішкентай қала тұрғынының алтын сырғаларын иемденіп, қарт әйелдің ұялы телефонындағы онлайн-банкинг арқылы өзіне ақша аударып алған.
– Ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша жинақталған іс-құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады-, деп қосты істі тергеп жатқан полиция аға лейтенанты.