Шымкенттің әкімі қала ардагерлерін мерекелерімен құттықтады

63

Шымкентте 1 қазан қарттар күні аталып өтті. Мереке иелерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы құттықтап, олардың құрметіне ақ дастархан жайды. Көңілді кеш кезінде қала әкімі қазыналы қариялардың қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, оларды қадірлеуге шақырды.

Бүгін ақсақалды қариялар мен ақжаулықты әжелер бір мезет жастық шаққа қайта оралғандай болды. ІІМ ардагері Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, ол зейнеттегі уақытын барынша пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысады. Заман ағымынан қалмай, әлеуметтік желілерді меңгеріп, ондағы мүмкіндіктерді пайдаланудамыз дейді.

Жеңіс Сұлтанов, ІІМ ардагері: «Шымкенттегі барлық 70- тен асқан ақсақалдарды құрдастарымызды құттықтаймын. Өмір жастары ұзақ болсын. Біздің Қазақстанымыз гүлдене берсін. Осы адамдардың ҚР дамуына үлесі көп. Сондықтан бәріне денсаулық тілеп, мейрамға мейрам жалғассын деймін».

Шымкент қаласының әкімі үшінші мегаполистің егде жастағы азаматтарына зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі. Елге еңбегі сіңген қариялардың иығына шапан жауып, төсбелгі табыстады. Сонымен қатар, өңір басшысы мереке иелері берген ақыл -кеңесіне алғысын білдірді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Халыкаралық қарттар күні құтты болсын. Сіздердің арқаларыңызда өсіп-өніп келеміз. Баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Еліміздің гүлденуіне үлестеріңіз өте үлкен».

Халықаралық мерекеге орай дастархан басына жиналғандарға естелікке сыйлықтар беріліп, шымкенттік эстрада жұлдыздары концерттік бағдарламалар ұйымдастырды. Айта кетейік, бүгінде қалада 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 ұлы Отан соғысы ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Ақсақалдарға барынша қолдау көрсетіліп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр.