Түркістан облысында азық-түлік бағасы тұрақты ма?

31

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан нарыққа шығарылған бұл тауарлардың көлемі  4,5 мың тоннаны құрап отыр. Облыста азық – түлік өндірушілердің тауарларын тікелей жеткізу арқылы нарықтық бағадан 15-25% төмен сату көзделген болатын.

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары жүйелі жүргізілуде. Атап айтсақ, 3 «Магнум» желісі мен 50 супермаркет пен дүкен, «Қуаныш» және «Алтын бұлақ» базары тұрақтандыру қоры мен айналым схемасы, форвардтық келісім арқылы қаржыландырылған.  Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты реттеп, азық-түлік көлемі, бағасына тұрақты зерттеу жүргізу қажеттігін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өзіміздің өңірдің азық-түлігі бойынша  анализ болу керек. Көрші облыста картоп, сәбіз қанша егілетіні есептелінеді. Бізде соған қарай қажеттілік мөлшерін анықтай аламыз. Көрші мемлекеттер азық-түлік бағасын төмендетті. Жоғарыда аталған маңызды тауарлар тізімімен жұмыс істеу керек. Президентіміз осы мәселені 2 есеге төмендетуге тапсырма берді. Бүгінде ең жоғары инфляция осы азық түліктің үлесінде».

Мамандардың айтуынша, соңғы 3 жылда облыста 19 түрлі азық-түлік тауарлардың бағасы күрт өскен. Әсіресе бағаның шарықтау кезеңі ақпан айынан маусымға дейін жалғасады. Биылғы маусымаралық кезеңдегі баға тұрақсыздығын болдырмау үшін көкөніс өндірушілер мен жеткізушілер арнайы бағдарламалар арқылы қаржыландырылды дейді мамандар.

Нұржігіт Мырзахметов, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы: «Жыл басында ТО азық-түлік инфляциясы 125,1 пайызын құраған болса, бағаны тежеу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңіріміз 8 айдың қорытындысымен азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бойынша алдыңғы үштіктің қатарын сақтап келеді. Оған қоса азық-түлік инфляциясына үлкен үлесі бар күнбағыс майы, жұмыртқа, қант, картоп, тауық еті және сүт азық-түліктері бойынша баға 30 пайызға дейін төмендеп отыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру өңірдегі инфляцияның көрсеткіштерін төмендетті».

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру арқылы инфляция көрсеткіші 121,1 пайыз, тамыз айында 113,1 пайызға дейін төмендеп отыр. Инфляцияның ішіндегі азық-түлік тауарларының үлесі 4 пайызды құрап отыр дейді мамандар.

Ал азық-түлік инфляциясын тежеу бойынша Түркістан облысы республикада екінші орынды иеленіп отыр. Айта кетейік, облыста 30 әлеуметтік дүкен бар, оның 17-сі жаңа форматта болса, 13-і ескі форматта. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар нарықтық бағадан 20-30% төмен саудалануда.