«Ұлы дала жорығы» марафоны мәресіне жетті. Дүбірлі доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Түркістанда марапатталды. Мәреге бірінші болып жеткен Жетісу облысының командасы 18 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды.
Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен мәреге 4-ші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге табыс етілді.
«Ұлы Дала жорығы-2023» марафонының жеңімпазы- Жетісу облысының командасы. Елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымды бағындырған шабандоздардың уақыты 93 сағат 47 минут 43 секунд. «14 сатыға бөлінген марафонға 19 өңірден қатысқан команда арасынан озып шығу оңайға соқпады, алайда біз барлық күш жігерімізді салып көш бастадық»,- дейді жетісулық шабандоз Данияр Есенұлы.
Данияр Есенұлы, Жетісу облысының шабандозы: «Былтырғы марафонда екінші орын алғанбыз інім қатысқан, биыл міне Алланың қалауымен біздің команда бірінші орынды жеңіп алды. 4 сыныптан атқа отырғанмын. Бәйгелерге қатысып, 22 машина ұтқанмын. Бәйге десе, атқа мініп шабуға әрқашан дайынбыз, қанымызда бар».
2-ші орынды иеленген Ақтөбе облысының командасына 16 000 000 теңге сертификаты табыс етілді. 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен мәреге 4-ші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге табыс етілді.
Екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер “Ең үздік жанкүйер” номинациясын белгіліп, 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады.
Аламан бәйгеде Маңғыстау облысының Адай жылқысы рекорд жасады. Мәреге жетісулық шабандоз екінші болып келсе, артынша астаналық шабандоз жетіп, «Рекорд» командасы діттеген мақсатын орындады. 1300 шақырымды 1 атпен бағындырған азаматтар 1-орын үшін 2,5 миллион теңге, 2-орынға — 2 миллион теңге, 3-орынға — 1,5 миллион теңге көлеміндегі сыйақы алды. Түркістан облысы командасынан марафонға қатысқан Бағлан небәрі 18 жаста.
Бағлан, Түркістан облысы командасының шабандозы: «Бәйгеге алғашқы қатысуым. Оңай болмады, Бірақ мойымай, атпен бірге аман-есен Түркістанға жеттік. Аллаға шүкір».
«Ұлы дала Жорығы»-ның халқымыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік туғызды ,- дейді ұйымдастырушылар. Марафонға қатысқандар Ұлы Дала рухын сезініп, киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістанмен етене танысты.