Түркістандық полицейдің былапыт сөздерді боратқан сәтінің видеосы пайда болды

1132

Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы полиция қызметкерінің боқтық сөзді қарша боратып отырған сәтінің видеосы пайда болды.

Полицей көлік жүргізушісін тоқтатқаннан соң әлдекімге ренжіген секілді.

«Сен сияқты маған айтады… Неге «звондатқызасың» сен? Мен толтыратынымды толтырып тастағанмын…»,-дейді полиция қызметкері.

Бұл видеоға қатысты Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер түсінік берді. Олардың мәліметінше, аталған бейнежазбадағы жайт 2022 жылдың шілде айында болған екен. Яғни, Сауран ауданы Шорнақ ауылындағы Ы.Алтынсарин көшесі бойында Ваз-21014 маркалы автокөлігінің жүргізушісі көлігінің екі бүйір терезесін күңгірттеп алып, рөлде ұялы телефон қолданған.

Бұл құқық бұзушылықты байқаған патрульдік полиция тобының инспекторлары көлікті тоқтатып, ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі, 591-бабы 1-бөлігі және 612-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама түзіп, полиция бөліміне жеткізген. Осы кезде құқық бұзушының ауылдасы, яғни, жедел уәкіл тәртіп сақшысына жүргізушіні жауапкершіліктен босатуын айтқан екен.

«Аталған жайт сол жылы назарға алынып, Түркістан облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Нәтижесінде жедел уәкіл сол жылы жұмыстан босатылды» деп мәлімдеді полициядан.

Ал қызметтік формамен боқтық сөз айтып отырған тәртіп сақшысының бұл әрекеті бойынша қазіргі таңда Полиция департаментінде қызметтік тексеру жүргізілуде.