Жетінші сессияда жаңа мәслихат депутаты сайланды

69

Шымкентте Мәслихат депутаттарының жетінші сессиясы өтті. Басқосуда халық қалаулылары полиция қызметкерлері үшін төленетін жалдамалы пәтер ақысын үнемдеу жолын ұсынды. Сонымен қатар, бос тұрған орынға жаңа депутат сайланды.

Үшінші мегаполисте 358 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 92 келі өнім тәркіленген. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің бастығы жетінші сессия отырысында мәлімдеді. Оның ішінде 4-еуі ірі еліктіргіш зат шығарумен айналысқан лаборотория. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Думан Таев, Шымкент қаласы ПД бастығы: «Заңсыз айналымнан 92 келі есірткі алынды. Оның 12 кг-ы синтетикалық заттар. Есірткі таратумен айналысатын 55 сайт жабылды. Сонынмен қатар, қоғамда интернет алаяқтық мәселесі өзекті. Жыл басынан бері қылмыстар 34,9-ға төмендесе, ал интернет алаяқтық 13,1 пайызға азайды. Қазірге дейін алаяқтық бойынша 173 іс анықталды»

Ал қалалық балалар ауруханасында алғаш рет эпилепсия ауруына шалдыққан 2 балаға ота жасалды. Операция нейростимулятор арқылы жүзеге асқан. Мамандар жыл соңына дейін тағы да дәл сондай бірнеше бүлдіршінге көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Бақытжан Абдуллаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Жыл соңына дейін тағы 2 ота жасау және 2024 жылы 15 отаға дейін жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, №2 оңалту орталығында “Қамқор” орталығы ашылды. Алғаш рет жүрекке трансплантация жасалды. 10 операция жасалды».

Басқосуда халық қалаулысы әскерилерге қатысты бастама көтерді. Албина Елшиеваның айтуынша погондыларға жалдамалы пәтер үшін 2 млрд-қа жуық қаражат жұмсалады. Ол қаржыны тиімді пайдаланып, үй алуына көмектесуді ұсынды.

Албина Елшиева, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: «200-ден аса әскери ай сайын жалдамалы пәтерге төлем алады. Ол жылына 2 млрд. теңгеден асады. Бұл тиімсіз әдіс. Бұл баспанамен қамту көрсеткішін кемітпейді. Оның орнына сол ақшаны баспана алуына беру керек. Немесе тұрып жатқан үйін, кейін өз атында қалатындай ету керек»

Басқарма басшылары мен депутаттар баяндамасын тыңдаған қала басшысы жиналғандарды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Қызметтеріңізді бақылап отырмын. Бірлесе отырып жүмыс істейік. Бастысы халықтың игілігі үшін жұмыс істейік»

Сонымен қатар, жиын барысында жаңа мәслихат депутаты сайланды. «Ақжол» партиясының ұсыныс хаты негізінде Исламбек Төлебаев халық қалаулысы атанды.

Исламбек Төлебаев, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: «Ең бастысы халықтың ішіндегі салынбай жатқан жолдарға, тартылмай жатқан жарықтарға, суларға мән берем деп ойлаймын. Алла қаласа».

Айта кетейік, кезекті сессия отырысы қазан айында өтеді деп жоспарланған.