Шымкенттіктер Азия ойындарынан жүлдемен оралған жеңімпаздарды күтіп алды. Спортшылар Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен 19-шы Жазғы Азия ойындарында байдарка мен каноэде есуден өнер көрсетті. Қазақстанның жүлде қорына 4-ші алтын медальді салған жеңімпаздар дүбірлі додадан оралды.
Көтеріңкі көңіл күй мен тоқтаусыз қошемет. Мұның барлығы Азия ойындарынан елімізге жеңіспен оралған спортшыларға арналады. Халықаралық сайыста ағайынды Емельяновтар кезекті рет бой көрсетіп, ел қоржынына 1 алтын салды.
Сергей Емельянов, Азия ойындарының чемпионы: «Бауырымның жалғыз өнер көрсеткен сәтінен соң жарты сағаттан кейін менің кезегім болатын. Соның күшімен, жақсы әрі жағымды әсерден сайыстың тез басталғанын тағатсыздана күттім. 500 м қашықтықта өнер көрсеттік. Сезімімді айтып жеткізе алмаймын».
Күміс жүлдегерлер қатарында 3 баланың анасы, спорттың ескек есту түрімен жиырма жылдан астам уақыттан бері айналысып жүрген Ирина Подойникова да бар.
Ирина Подойникова, Азия ойындарының күміс жүлдегері: «Отбасымның, бауырларымның арқасында осындай жемісті жеңіске қол жеткізіп отырмын. Жаттықтырушымның еңбегі өте зор болды. Жеңіс тұғырына жеткенде бойыңды бір ерекше сезім билейді екен. Сол спорттағы ең әсерлі сәт деп айтатын едім”.
Айта кетейік, 19-шы Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйекте басталған. Ойынға 45 мемлекеттен 12 500 ге жуық спортшы қатысуда. Жеңіспен оралғандарды қалалық есу және спорттың су түрлері бойынша федерация басшысы Нұрғазы Бұхарбаев құттықтады.
Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қалалық есу және спорттың су түрлері бойынша федерация басшысы: «Бүгін біз жеңісті жеңімпаздарымыздың жеңісімен құттықтауға жиналдық. Мұның барлығы азаматтарымыздың өз ісіне деген махаббаты, адалдығы мен ең еңбекқорлығының арқасында деп білемін. Еңбектері бағаланғанына қуаныштымын”.
Қалалық есу және спорттың су түрлері бойынша федерациясы қоғамдық бірлестігі басшысының мәліметінше, соңғы 3 жылда қала қоржынына 357 медаль түскен. Олардың қатарында республикалық, халықаралық, Азия ойындарының жеңімпаздары әкелген жүлделер бар.