Bereke Bank-ті (Сбербанктің бұрынғы еншілес банкі) катарлық инвестор сатып алуы мүмкін. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Бұған дейін президент Қазақстан нарығына үш шетелдік банкті тартуды тапсырған болатын.
«Бұл жұмыс енді басталды. Қазіргі уақытта бізде тек бір банк бойынша нақты ұсыныс бар. Ол – Береке банк. Қазір банк бір шетелдік инвестор тарапынан due diligence процесінен өтіп жатыр. Инвестор – Катар елінен. Ал басқа банктер бойынша бізде әзірге нақты ұсыныс жоқ», – деді Әбілқасымова парламенттік тыңдаудан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп.
Сонда Береке банкті катарлық инвестор сатып ала ма деген сұраққа агенттік төрағасы «иә» деп жауап берді.
Еске сала кетейік, Bereke Bank – Сбербанктің бұрынғы еншілес банкі. Қаржы ұйымы акциясының 100%-і үкіметке («Бәйтерек» ұлттық холдингіне) тиесілі.