Дәрігер: Елімізде қызылша ауруы өршіп тұр

61

Елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Мамандардың мәліметінше, 2023 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша республика бойынша қызылша жұқтырды деген күдікпен барлығы 19 мыңнан астам науқас тіркелген. Дәрігерлер аурудың белең алуы азаматтардың, әсіресе балалардың қызылшаға қарсы екпе алмауынан дейді.

Дәрігерлердің мәліметіне сәйкес, үшінші мегаполисте қызылша ауруымен науқастанғандардың 87 пайызын балалар құрайды. Ал соңғы 5 жылда сырқаттанушылықтың өсуі 2019 жылы – 3091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай, 2018 жылы – 8 жағдай, 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша қызылшамен сырқаттанушылық тіркелмеген. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Мамандар қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда  ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болатынын ескертеді.

Бақытжан Позилов,  Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері: «Соңғы айда Шымкент қаласында қызылша ауруы өте өршіп тұр. Ауруханаға түскен науқастардың саны өте көп. Бүгінгі дөңгелек столдың мақсаты – ауруханаға жатқандардың көбі ата-аналардың діни көзқарасына байланысты кезінде қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Нәтижесінде қазір ауырып жатыр. Дөңгелек столда ата-аналар, медқызметкерлер және де Еңбекші ауданының бас имамы келіп отыр. Және өзге де қоғамдық қорлардан адамдар келіп отыр.  Дәл қазір Шымкент қаласында осы қызылша ауруы өршіп тұр. Ауруханаға 14 жастан төмен жастар 88 пайызы. Ауқымды түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз».

Ақ халаттылардың ұйымдастырған басқосуында жергілікті дін қызметкерлері де қызылшаға қарсы вакцинаның маңыздылығы жоғары екенін жеткізді. Олар ата-аналардың екпеге қатысты күмәнін сейілтіп, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол табуға шақырды.

Ербосын Бектұрсынұлы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының бас имамы: «Шариғатымыз бойынша екпеге рұқсат береді. Оның өзіндік шарттары бар. ҚР мұсылмандар діни басқармасының шариғат және фәтуа бөлімі бұған арнайы фатуа берді. Егер екпе харам заттан жасалмаған, оған рұқсат делінген. Екпе аурудың алдын алуы үшін жасалатын нәрсе. Пайғамбарымызда ол туралы хадистерінде айтады. Емделіңіздер, аурудан сақтаныңыздар. Тек қана бір аурудың емі жоқ ол кәрілік, ал басқасына Алла Тағала дерт берсе оның шипасын береді. Бұл туралы  ғұлама ғалымдардың айтқаны бар. Жас бала туылған кезде таңдайына үлкен кісі құрманы шайнап таңдайына жаққан. Оны бүгінде де пайдаланып келеді. Үлкен кісінің сөлін жас балаға жағу ол да вакцина екен. Оны баланың үлкен өмірге тез бейімделсін, иммунитетті күшейсін деген ниетпен жасалатын дүние».

Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қызылша вакцинамен басқарылатын инфекцияға жатады. Сондықтан балаларды жоспарлы вакцинациялау нәтижесінде ағзада аурудан үнемі қорғайтын тұрақты иммунитет қалыптастырады дейді.

Айта кетейік, қызылшаға қарсы вакцина салу 1963 жылдан басталған. Бүгінде екпе шараларының біріншісі 12-15 айлық балаларға, екіншісі 6 жастағы балаларға жасалады. Сонымен қатар, вакцинацияланбаған 30 жасқа дейінгі адамдар аурумен байланыста болған кезде, 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері ерікті түрде ала алады.