Қызылша ауруы балалар арасында жиі кездесуде

65

Шымкентте жыл басынан бері қызылша ауруының 4795 жағдайы тіркелген. Бір қызығы, бұл ауру 2021-2022 жылы қалада мүлдем анықталмаған дейді мамандар. Ал биыл қызылша көбейіп, эпидемиялогиялық жағдай өрши түскен.

Шымкентте қызылшаға шалдыққандар көбейіп, науқастар саны биыл 4700-ден асты. Бір қызығы өткен екі жыл ішінде бұл ауру қалада мүлдем тіркелмеген. Ал бүгінде қызылша жұқтырғандардың көптігі соншалық жұқпалы аурулар ауруханасы толып, емдеу ұйымдарында қосымша төсек орындармен толықтырылды дейді салаға жауаптылар.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «2023 жылы бірқатар көрші елдерде аталған ауру Ресей, Украина Еуропаның 17 елінде тіркелді. 2019-2021 ковидтік пандемияға байланысты әлемде және ел халқы арасында иммунитет әлсіреген. Осыған байланысты жұқпалы ауру кеңінен таралуда».

Қызылшаға шалдыққандардың 90 пайызы балалар дейді мамандар. Жыл басынан 167 мектептен 721 оқушы және 337 балалар бақшасынан 1943 бала ауырғаны анықталған. Санитарлық дәрігерлер аталған мекемелерде қауіпті ошақтың көбеюіне байланысты балаларды қабылдағанда вакцинасы болуын бақылауды ескертеді.

Айгүл Тұрымбетова, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Ауырғандардың көбі егілмеген азаматтар. Олардың көбі балалар. Ауру ұжымдасқан ұйымдарда көптеп кездесуде».

Айта кетейік, қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы – вакцинация. Ауруға қарсы екпе алу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады дейді мамандар.