2024 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ кезеңі басталады, деп хабарлайды қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Яғни, келесі жылдан «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны (250.00 нысан) заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға міндетті болады.
«Егер сіз осы тұлғалардың санатынан болсаңыз, бірақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмасаңыз немесе тоқтата тұрсаңыз, онда сізге заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына қызметін тоқтату туралы салық өтінішін беруге кеңес береміз», — делінген хабарламада.
Азамат өзін қызметін тоқтатқан жеке кәсіпкер не заңды тұлғаның басшысы немесе сенімсіз салық төлеушілердің тізімінде екенін білу үшін мемлекеттік кірістер комитеті интернет-ресурсының электронды сервистеріне өтіп тексере алады
250.00 нысандағы салық есептілігін мемлекеттік кірістер органдарына қағаз түрінде 15 шілдеден кешіктірмей, ал электронды нұсқасын 15 қыркүйекке дейін «Салық төлеушінің кабинеті» Web-қосымшасы немесе e-Salyq Аzamat, еGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы ұсыну қажет.
«2024 жылы 250.00 нысанды ұсынғаннан кейін, 2025 жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 форма) тапсыруға тиіс», — деп ескертті комитеттегілер.
Декларацияны уақытылы ұсынбағандарға алғашында ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде заңбұзушылықты қайталаса, 15 АЕК (51 750 теңге) айыппұл салынады.