Келестік кәсіпкер күніне үш мың бөдене жұмыртқасын сатады

54

Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округі аумағындағы “Asyl qus” бөдене құс шаруашылығы үш мыңнан аса бөдене құсын өсіріп отыр. Ол кәсібін 2020 жылы ашып, ғимаратының құрылысын бастаған. Жоба 2022 жылы толық іске қосылған. Жоба құны 16 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер бүгінде жұмыртқамен қатар бөдене етін де экспортқа шығарып үлгерген.

— Бұл жобамыз отбасылық бизнес болып табылады. Бұған дейін бірнеше кәсіптерді қолға алып, жүргізіп көрдік. Дегенмен осы бизнесіміз арқылы табысқа кенеліп отырмыз. Бөденені бастапқыда сатып алсақ, бүгінде өзіміз өндіріп көбейтіп жатырмыз. Күніне 3 мыңға жуық бөдене жұмыртқасын елімдің ірі қалалары мен облыс аумағындағы аудан, қалаларға жіберіп отырмыз. Бұдан бөлек бөдене етін де сатуға шығардық. Сұраныс жоғары. Үйренем деушілерге арнайы курстар ұйымдастырып, кәсіптің қыр сырымен таныстырудамыз, — дейді “Asyl qus” бөдене құс шаруашылығының директоры Диана Есенова.
Кәсіпкер бір гектар аумақтағы кәсіпорнында 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшыларды мемлекеттік бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар арасынан алынған. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өнімін шет мемлекеттерге экспорттауды жоспарлап отыр.