Келестік кәсіпкер қоқыс қалдықтарын қайта өңдемек

29

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға онлайн қатысқан тұрғындар да болды. Олар әлеуметтік, кәсіпкерлік, инфрақұрылым жүйелері бойынша өз сұрақтарын жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Қабылдауға келген тұрғынның бірі Ақтөбе ауылдық округі аумағынан бірінші дәрежелі автотұрақ салуды жоспарлап отырғанын, аудан әкімінен қажетті жер телімін қарастырып беруін сұрады. Өз кезегінде аудан басшысы тиісті заң нормаларына сәйкес тұрғынның өтініші негізінде шешім қабылданатынын айтты.
Онлайн режимде қабылдауға жазылған Қарағанды облысының тұрғыны қайырымдылық мәселесінде өз өтінішін жеткізді. Аудан әкімі қажетті құжаттарын жолдауын, мүмкіндігінше қолдау көрсетуге әрекет жасайтынын атап өтті. Абай ауылының тұрғыны қайта өңдеу кәсібін ашуды жоспарлап отырғанын, жоспарын іске асыру үшін жер телімі және ұйымдастыру шараларына атсалысуды сұранды. Аудан басшысы кәсіпкердің бастамасы жан-жақты қолдау табатынын жеткізді.
– Қайта өңдеу саласын дамыту бүгінгі таңда өте маңызды жобалардың бірі. Әкімдік тарапынан Сізге қажетті қолдау болады. Сіз көшелерге арнайы қоқыс жәшіктерін орнатуды қолға алыңыз. Әкімдік тарапы арнайы белгіленген полигон аумағынан жер телімін қарастырып береді. Ол жерге инфрақұрылым жүйесі де тартылады. Жобаңызды ауданымыздың барлық елді мекенінде жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылады, – деді Жәнібек Есенұлы.