Министрлік астық экспортын қысқартпақ

8

Қазақстан дәстүрлі нарықтарға астық экспортын 5 млн тоннаға дейін қысқартады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың  айтуынша , биыл өткен жылмен салыстырғанда жиналатын астық көлемі аз. Сол себепті министрлік астық экспортын қысқартпақ.

«Біз ішкі нарыққа әсер етпей, дәстүрлі нарықтарға экспортты азайтамыз. Келісімшарттар бар, осы маркетингтік жылдан бастап астық тиеу жұмыстары жүріп жатыр. Қарқын жаман емес. Биыл біз экспортты 5 млн тонна бидай көлемінде жоспарлап отырмыз. Бұған дейін орташа есеппен 7-8 млн тонна тиеп жөнелтетін едік. Бұл орташа жылдық көрсеткіш», — деді Сұлтанов Астанада ашылған халықаралық KazAgro/KazFarm-2023 ауыл шаруашылығы көрмесі барысында .
Вице-министр қазір экспортты шектеуге ешқандай алғышарт жоқ екенін атап өтті.
«Маркетингтік маусым енді ғана басталып жатыр. Астық жеткілікті», — деп сендірді ол.
Айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында күзгі егін орағы аяқталған. Қостанай мен Ақмола облыстарында осы айда аяқталады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл 15,6 млн тонна астық жиналады деп болжап отыр. Өткен жылдан қалатын көлемді ескергенде, ішкі нарықты қамтамасыз етуге астық толығымен жетеді.