Шымкентте сүндет той кезінде жылқыны тойханаға алып келіп, оған қатыгездік танытқандар көптің ашуын тудырды. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды.
Бейнежазбадан бір топ ер адамның орамалмен көзі байланған жылқыны 2-қабаттан төмен түсірмек болғанын байқауға болады. Төрт түліктің төресі баспалдақтан түсе алмай, тіпті жерге құлап әбден қиналады.
Видеоны көрген желі қолданушылары жылқыға қатыгездік танытқандар жазасыз қалмауы қажеттігін алға тартты.
«Қорлады-ау. Киесі ұрады ғой, обал», «Жылқыны азаптап не масқара? Ақша табудың басқа жолы жоқ па?», «Ұшырып жіберсе ғой біреуін теуіп», «Байқұс жылқыда тіл жоқ. 2-қабатқа қинап шығарғандары несі, ақымақтар-ай», «Көзін ашсаңдаршы. Өздеріңнің көздеріңді байлап қойса, көрер едім қалай түсетіндеріңді», «Обал болды-ай… Жылқыны қорлау ғой мынау», «Жауапқа тарту керек», «Атқа мінбей шықса, сүндетке отырмай ма қала ма сонда?» деп жазды желі қолданушылары.
Полиция бейнежазба бойынша мән-жайды анықтаған. Бұл жайт 8 қазан күні Абай ауданындағы мейрамханалардың бірінде өткен сүндет той кезінде орын алғаны белгілі болды.
«Жылқының иесіне қатысты тәртіп сақшылары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 407-1 бабы (Жануарларға қатыгездік көрсету) бойынша хаттама толтырды» делінген полиция мәліметінде.